Қазақстандық таксист жігіт әлеуметтік фильм түсіріп, қайырымдылықпен айналысады

08.02.2025 18:00

«Маскадағы адам» қорының өкілі болған жігіт неше адамға көмек көрсетілгенін айтты

Фото: кейіпкерден

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Дамир Макимкенов облыс жұртшылығына жақсы таныс. Қарапайым жігіт қоғамдағы өзекті тақырыптарды қозғап, өз қаражатына он шақты қысқаметражды фильм түсірді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қызылжар ауданының тұрғыны қазір орда бұзар отыз жаста. Анасымен Бәйтерек ауылында тұрып жатыр. 

- Дамир, қазір қайдасыз, немен айналысып жүрсіз?  

- Қазір көбіне таксидемін. Облыс ішінде ғана емес, алыс сапарларға да шығамын. Жолда жүрген ұнайды. Әрі такси жүргізу менің табыс көзім. 

- Бірнеше қысқа метражды әлеуметтік көркем фильм түсіргеніңізді білеміз. Бұл бағытты тастап кеткен жоқсыз ба?

- Жоқ, кино түсіру, шығармашылықпен айналысу – менің сүйікті ісім. Осы күнге дейін 6-7 фильм жарыққа шықты. Сценарийін жазатын өзім, режиссері де өзім. Қазір облыстық полиция департаментімен ортақ әлеуметтік жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Бір-екі аптада түсірілімге кірісеміз. Біріншісі жолдағы қауіпсіздікке байланысты, екіншісі нашақорлық жайында болмақ.

- Қателеспесем, жолдағы қауіпсіздікке байланысты бұған дейін де фильм түсірдіңіз ғой?

- Сіздің айтып отырғаныңыз мас күйде көлік жүргізіп, салдарынан адамды қағып кетіп, өлтіріп алған жігіттің оқиғасын баяндайтын «Дело №315» фильмі. Мұндағы басты месседж – жол-көлік апаты зардап шегушінің ғана емес, қылмыскердің де отбасы, туған-туыстары үшін үлкен қайғы екенін көрсету. Рөлге мас күйде отырмас бұрын, жүргізушілер оның салдары неге әкелетінін естен шығармағаны жөн. Менің фильмімде балалар жауапсыз жүргізушінің кесірінен әкесіз қалды. Ал мас жүргізуші біреудің жалғыз баласы. Ол да өз өмірін ғана қор қылып қоймай, ата-анасының үкілеген үмітін жоқ етті. 

- Кино түсіруге қалай келіп жүрсіз, неден басталды? 

- Қазақстандық фильмдерді жиі көремін. Көбіне Алматыда, Таразда, Шымкентте түсіріледі. Бірде неге біздің Петропавлда фильм түсірмейді, біз кімнен кембіз деген ой келді. Ол кезде 23 жастамын, амбиция ұрып тұр. Көп ойланбастан фильмнің сценарийін жазуға отырдым. Мектепте басқа сабақтардан орташа болсам да, шығарма жазу ұнайтын. Сондықтан қиын болған жоқ. 

Ал ойымды жүзеге асыруда бірқатар мәселе туындағаны рас. Біздің өңірде мұндай жобаларға демеуші табу қиын, мүлде жоқ. Сондықтан таксилетіп тапқан қолымда бар 300-400 теңгемен 2020 жылы «Дедушка» деп аталатын алғашқы қысқа метражды көркем фильм жарыққа шықты. Бұл туындыда да өзекті мәселе – әке мен бала қарым-қатынасы көрсетіледі. Көргендер тарапынан жоғары баға алып, бұл маған қанат бітіргендей болды. 

- Көктемгі тасқын кезінде де қарап отырған жоқсыз. Көпшіліктің арасынан табылдыңыз.

- Әр нәрсенің оң және кемшін тұсы бар ғой. Былтырғы су тасқыны бізді біріктірді, қиын-қыстау кезде «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығара алатынымызды көрсетті. Мен де бастапқыда СҚО Қазақстан халқы Ассамблеясында волонтер болдым. Кейін қойма ашып, келген гуманитарлық көмекті тараттым. Есебім бойынша, 3 мыңға жуық адамға көмек бердік. Азық-түлік бердік, тұрмысқа күнделікті қажет тауарларды тараттық.

- «Маскадағы адам» қорының өкілі болған екенсіз. Облыста неше адамға көмек көрсетілді? 

- «Маскадағы адам» қорының әлеуметтік желідегі парақшасына бұрыннан жазылғанмын. Олардың тасқыннан зардап шеккендерге баспана алуға көмектесетінін естігеннен кейін хабарластым. Қор өкілдері маған үйлері суға кеткен бірнеше отбасыны табуға көмектесуді сұрады. Қолдарында құжаты жоқ, яғни мемлекеттен көмек берілерде қиындық тууы мүмкін алты отбасыны таңдап алдық. Оларға құны 12-15 млн теңге тұратын пәтерлер сатып алынды. 

Қор өкілдерімен байланыстамын. Жақында Шал ақын ауданы Ступинка елдімекенінде өртте отбасынан айрылған 16 жасар Станиславқа көмек көрсетілді. «Маскадағы адам» жасөспірімге Астанадан пәтер сатып алып, сыйлады. Бұдан бөлек көзін емдетеді. Оқып, мамандық иесі болуына жәрдемдеседі. 

- Медколледжге түсіп, одан кеттіңіз, құқық қорғау органдарында да істедіңіз, кино түсірдіңіз, такси жүргіздіңіз, енді қайырымдылықпен айналысып жүрсіз. Бүгінде жаныңызға жақын істі таптыңыз ба? 

- Көңілің жатпаса ол істен нәтиже көру, белгілі бір жетістікке жету мүмкін емес. Сол себепті қазір өзіме ұнайтын жұмыспен айналысып жатырмын. Алда не боларын болашақ көрсетеді. Бірақ мен толық метражды фильм түсіру арманымнан бас тартқан жоқпын.

Оқи отырыңыз: Алматыда есірткіге қарсы ауқымды науқан ұйымдастырылды