Ал құлшылығын өтеген жандар елге жете алмай жүр
Қасиетті мекенге барып, еш уайымсыз құлшылық жасап қайтамын деген қазақстандықтардың ойлағаны іске аспады. Кіші қажылығын өтеу үшін Сауд Арабиясына аттанған 100-ге жуық адам өзге емес, отандастарының құрығына түсіп қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тағат таусылды, шыдам шегіне жетті. Шарасыз күйге түскен 50-ге жуық қазақстандық туристік компанияның есігін қағудан, қызметкерлердің құрғақ уәдесін тыңдаудан жалыққан. Себебі олар Қасиетті Рамазан айының қарсаңында, жиған-тергенін салып, жақындарын мүмін мұсылманның арманына айналған құлшылық мекеніне аттандырған. Дегенмен жауапты агенттік қаражатты алуын алып, тұтынушыларын далада қалдырған.
"Келісімшарт бойынша 10 ақпанда ұшу керек болған. Кейін 7 ақпанға ауыстырды, бірақ бұл күні де ұшпадық. Кеше тек 10 қажы сапарға аттанып, қалғаны қалатынын айтты. Оның ішінде менің ата-анам бар", – деді қала тұрғыны Фатима Байқонысова.
Әуе рейсінің уақыты қайта-қайта шегерілгеннен соң, Фатима сапардан бас тартып, қаражатын қайтармақ болған. Дегенмен компания ақша жоқ дегенді алға тартып, 8 ақпанда жақындарын Меккеге жіберіпті. Жоспарға сай, олар 4 күн бұрын елге оралуы керек болған. Бірақ Фатиманың ата-анасы әлі шет жерде көше жағалап жүр.
Ол аздай Отанына қайта алмай жүргендерді агенттік сапасы төмен қонақ үйлерге жіберген. Ал енді бір тұрғын сенімді ақтамаған компаниямен кіші қажылыққа барудан бас тартып, өзге агенттіктің жолдамасын алған. Қазір ол қалған 2 миллионнан аса қаржысын ала алмай жүр.
"Qazaq Umma" деген компаниядан 5 адамға 3 млн 100 мың теңгеге билет алдық. Қалған 2 млн 200 мың теңгемді бір айдан бері қайтара алмай жүрмін", – деді қала тұрғыны Аида Айтқожина.
Ал туристік агенттік өкілдері міндетін толық атқарғанын айтып, туындаған мәселе біртіндеп шешілетінін жеткізді.
"Компания жабылуы мүмкін. 100-ге жуық адамды қажыллықа бара аламады. Басқа жақтан инвестиция тартық, ақша кешігіп тұр. Екі аптаның ішінде шешіледі", – деді туристік агенттіктің өкілі Масат Мырзаханұлы.
Тықыр таянғаннан кейін, агенттік өкілдерінің ұяты оянды ма, әлде камерадан сескенді ме, белгісіз. Дегенмен тілшілер келгеннен соң, кейбір отандасымызға қайтатын билет берілді. Бірақ қалған қазақстандықтың прокуратураға жүгінуден басқа амалы қалмай тұр.
Рүстем Айткәрім, Әмина Үсенова, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Ақтаулықтар аялдамаға жапсарлас нысанның құрлысына наразы