"Алматыны дамыту" бағдарламасы аясында биыл Түрксіб пен Наурызбай аудандарында тағы 3 депоның құрылысын бастау жоспарда бар
Төтеншеліктер мен қаланың коммуналдық қызметінің арқасында Қазақ-Британ техникалық университетіндегі тілсіз жау үлкен аумаққа шарпыған жоқ. Себебі түн ортасында отпен арпалысқан өрт сөндірушілер әлі күнге дейін тарихи ғимараттың маңын күзетіп тұр. Ал сенбіден жексенбіге қараған түні тұтанған өртті сөндіруге 78 адам мен 28 арнайы техника жұмылдырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Камил Магомедов пен Руслан Сүлейманов - сол түні қызыл жалынмен арпалысқан көптің бірі. 10 жылдан астам еңбек өтілі бар азаматтар бұл жолы өрттің өтінде жүріп, мемлекеттік туды тілсіз жаудың ішінен еш зақымсыз алып шықты. Өйткені «бұл – кез келгеннің Отан алдындағы азаматтық борышы» дейді төтеншеліктер.
"Рация арқылы жедел штабтан туды сақтауды қамтамасыз ету туралы бұйрық түсті. Сол кезде жоғарғы қабатқа көтерілдім. Және туды түсіріп, далаға алып шықтым. Бірақ №12-өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі көмектесті. Екеуіміз сол туды түсіріп, алып шықтым", - деді Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру басқармасының бас маманы Камил Магомедов.
"Маған жоғарыға сатымен көтеріліп жұмыс істеу туралы бұйрық түсті. Шатырда жұмыс істеп жатқанда туды шешіп алу туралы бұйрық келді. Мен ту байланған шынжырды балтамен үзіп, тудың өзін капитан мырзамен бірге түсірдік", - деді №12 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Руслан Сүлейманов.
Оқыс оқиға қаңтардың 11-інен 12-сіне қараған түні болды. Өрт орнында жедел штаб құрылып, 120 шаршы метр аумақта 78 адам мен 28 арнайы техника қызыл жалынмен арпалысты. Төтеншеліктердің сөзінше, тілсіз жауды сөндіру ғимараттың салыну ерекшелігіне байланысты қиындық тудырған.
Айта кетейік, Қазақ Британ техникалық университеті орналасқан нысан - бұрынғы Үкімет үйі. Онда осыдан 34 жыл бұрын еліміздің Тәуелсіздігі турлы заң қабылданған еді.
"Алматы қаласының мұндай уникалды ғимаратын сақтап қалу біздің бірінші тапсырмамыз болатын. Сондықтан өрт ары қарай шатырға өршіп кетпес үшін 3 автосаты қанат жайып, сонымен қатар тепловизорлар орнатылып, дрондар көтерілді. Барлық жағынан барлау жасалған болатын", - деді Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Бағдат Шайзада.
Оқиға орнына қала әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов пен құрылымдық бөлімшелердің басшылары арнайы барып, тиісті жұмыстарды жүйелі атқаруға тапсырма берді. Дереу әрі жұмыла жұмыс істеген төтеншеліктердің арқасында тарихи ғимараттағы тілсіз жау үлкен аумаққа шарпымапты. Ал қала билігі тілсіз жаумен арпалысқан өрт сөндірушілерді ыстық тамақпен қамтамасыз еткен. Одан бөлек маңайды дереу тазалау үшін арнайы техникалар шығарған.
Өрт сол түні толығымен сөндірілді, алайда төтеншеліктер әлі де оқиға орнында қызметте. Олардың айтуынша, өрттің қайта тұтанбауын бақылап жүр.
Айта кетейік, оқу орнындағы өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Ал студенттер 20 қаңтарға дейін қашықтан оқыту форматына көшті.
Мегаполисте қазір 20 өрт сөндіру бөлімшесі жұмыс істеп тұр. Ал "Алматыны дамыту" бағдарламасы аясында биыл Түрксіб пен Наурызбай аудандарында тағы 3 депоның құрылысын бастау жоспарда бар.
Гүлмарал Изатқызы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: ҚБТУ-дағы өрт: университет мәлімдеме жасады