Кедергіні мүмкіндікке айналдырған колледж: 200-ден аса студент білім алуда

09.04.2025 17:07

Алматы технология және флористика колледжінде алты түрлі мамандық оқытылады

Алматыда 27 жылдан бері инклюзивті білім беруді басты бағыт еткен бірегей оқу орны бар. Бұл шаңырақта ерекше қажеттілігі бар жастар кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, болашаққа нық қадам басады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – кәдімгі оқу ордасынан бөлек, кедергіні мүмкіндікке айналдырған колледж. Мұнда әр студенттің қабілетіне қарай жағдай жасалған. Қазірдің өзінде 216 ерекше жастың арман-мақсатына бағыт бар.

Қоғам қойып берген шектеулі шеңберді бұзып, өз жолын тапқан жастың бірі - Дияр Ринатұлы. Арбаға таңылса да, арманына тұсау салмаған студент бүгінде графикалық дизайнның қыр-сырын меңгеріп жүр. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін бұл салада нағыз маман болуды мақсат еткен.

 «Болашақта дизайнер мамандығы бойынша жоғарғы оқу орнына түскім келеді. Колледж көп мүмкіндік ұсынады. Олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды алып жүрмін. Қалалық олимпиадаларға да қатыстырады. Дизайн және басқа программаларды үйретеді», – деді Алматы технология және флористика колледжінің 2 курс студенті Дияр Ринатұлы.

Білімге құлшынған тағы бір талапты жастың бірі – Аружан Қаржаубайқызы. Былтыр күзде ғана колледж табалдырығын аттаған бойжеткеннің есту қабілеті нашар. Соған қарамастан ұстаздардың демеуімен татымды істің тетігін тауып, бүгінде тігіншілік өнеріне ден қойған. Болашақта өз қолтаңбасын қалдыруды армандайды.

 «Мен бірінші курсқа келдім. Тігіншілікті оқимын. Маған ұнайды. Менің арманым – тігінші болу. Арманым орындалады», – деді Алматы технология және флористика колледжінің 1 курс студенті Аружан Аман.

Әсем Хамитқызы да тігіншілікке ден қойған талапты бойжеткен. Бала күнінен ине мен жіпке икемді ол бүгінде бұл өнерге шын ықыласымен бет бұрған. Қазірдің өзінде мақсатын айқындап, арманына алғашқы тігісін түсіріп жүр.

 «Болашақта мамандықты бітіріп, жұмысқа тұрсам деп армайндаймын. Үлкен бұйымдар жасай бастадым. Қалта тіктім», – деді Алматы технология және флористика колледжінің 1 курс студенті Әсем Хамитқызы.

Бүгінде Алматы технология және флористика колледжінде алты түрлі мамандық оқытылады. Бақ шаруашылығы, тігін ісі, көлік жөндеу, ағаш өңдеу – бәрі де қоғам сұранысына лайық. Ал олардың басты миссиясы – ерекше жандарды ортаға бейімдеп, өз орнын табуға жол ашу.

 «Елімізде өзекті мәселелердің бірі – ерекше білім беру қажеттілігі бар студенттердің сапалы білім алып, өздерінің белгілі бір маман иесі болу. Инклюзивті білім беру орталығы 1998 жылдан бастап жұмыс жасап келе жатыр. Қазіргі таңда 216 студент білім алуда. Олардың 178 студент арнайы топтарда, ал қалған 38 студент инклюзивті білім беру орталығында оқиды», – деді Алматы технология және флористика колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанар Болатқызы.

Ерекше қажеттілігі бар жандардың ең үлкен арманы – өз қабілетін толық жүзеге асыру. Бұл оқу орны сол арманға бағыт беріп отыр.

Мәди Мәлік. Сағынғали Мұңайтпасов