Әкімдіктегілер апатты үйде қанша шаршы метр болса да Үкімет тарапынан берілетіні 2 бөлме ғана екенін кесіп айтты
Маңғыстауда Сайөтес ауылындағы апатты үйден жаңа баспанаға көшкен тұрғындар шу шығарды. Олардың айтуынша, әкімдік берген үй тұрғындардың атына өтпеген. Яғни, азаматтар пәтерлерді жалдап тұруға тиіс, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жұмабай Әбішев 40 жылдан бері Сайөтес ауылында тұрады. Әкімдік апатты деп таныған үйде оның жалпы ауданы 150 шаршы метрлік 6 бөлмелі пәтері болған. Ал жаңадан бой көтерген тұрғын үйден оған 75 шаршы метрлік 2 бөлмелі баспана берілген. Ол «пәтерді үлестіргенде әділетсіздікке жол берілді» деп санайды.
«Жеке үйімізді тапсырамыз да, жалдамалы пәтер аламыз. Қиындау болып тұр, әрі пәтер тар. Сапасына көңіліміз толмайды. Менің балам, келінім, немерелерім бар», – деді Сайөтес ауылының тұрғыны Жұмабай Әбішев.
Түрңындар қазынадан 150 млн теңге жұмсалып, 5 айда салынған үйдің аты ғана «жаңа» дейді. Төбесінен су ағып, қабырғасы сыз тартып тұр. Көпшілік келісімшартты өзгертіп, аты өткізіп берсе, өздері жөндеп алатынын айтты.
«Келісімшартқа келіспейміз. Пәтер өз атымызға жазылуы тиіс. Газ, электр жарығын қосып берсін», – деді Сайөтес ауылының тұрығыны Шуақ Мәмбетова.
«2030 жылыға дейін жалдамалы пәтер беріп отыр. Содан кейін жекеменшікке өткізбек. 2030 жылы кім бар, кім жоқ, мен білмеймін? Бес балам бар. Маған не күйеуіме бірдеме болған жағдайда, әкімдік көмектеспейді ғой, ана үйден қуып шықса, мен далада қаламын», – деді Сайөтес ауылының тұрғыны Ұлдай Алиева.
Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі үйді салған мердігер мекемеге олқылықтың орнын толтыру үшін қайта жөндеуді тапсырған. Ал жалдамалы деп берген пәтерлерді әр тұрғынның өз атына өткізуге толық мүмкіндігі бар екен.
«Қалдық құнын өтеу арқылы жекешелендіруге болады. Келер жылдарда заң қалай өзгеруі мүмкін, оны білмейміз. Заң қалай өзгереді, солай жұмыс жасай береміз», – деді Маңғыстау аудандық ТҮКШ Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының м.а. Заманбек Әнуаров
Әкімдіктегілер апатты үйде қанша шаршы метр болса да Үкімет тарапынан берілетіні 2 бөлме ғана екенін кесіп айтты. Ал оны жекешелендіру үшін 5 жыл сол пәтерді жалдауы қажет. Содан кейін азаматтар қалдық құнын өтеп, толығымен жекешелендіре алады. Ал жиылған жұрт шенділерге емес, заңгердің көмегіне жүгініп, келісімшартты қайта жасақтамақ.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Маңғыстау облысы
Оқи отырыңыз: Алматыда 25 адамның атынан заңсыз несие рәсімдеген күдікті ұсталды