Кене шаққан кездегі басты белгілер қандай

10.04.2025 20:38

Кененің шағуы адам өміріне қауіп төндірмейді. Алайда кененің сілекейімен бірге қанға түсетін вирустар аса қорқынышты. Ақ халаттылардың айтуынша, оның салдарынан адам кенелік энцефалит және Конго-Қырым геморрагиялық безгегін жұқтыруы мүмкін. Кене шаққан кездегі басты белгілер қандай? Одан қалай қорғану керек? Кене энцефалитіне қарсы екпе қалай жүргізіледі? Осы және өзге сұрақтарға «Алматы» телеарнасының студия қонағы қалалық Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының бөлім меңгерушісі Бауыржан Қалымбетов жауап береді.

– Бауыржан Бегенұлы, кене шаққан кезде қандай белгілер байқалады? Азаматтар оны қалай біле алады?

«Кене шаққан кезде нүкте түрінде қызарулар пайда болады. Уақыт өте келе адамда үш түрлі симптоммен жүреді. Ол біріншісі ошақтық симптом. Температуралық және минингиалдық симптомдар бар. Ошақтық симптомда кене шаққан жер жердің қышып, қызарады, кей жағдайда адамның буындары ауыра бастайды. Жүрек айну белгілері болады. Ал температуралық белгісінде  адамда 40 градусқа дейін температурасы түспейді. Ал соңғы белгісі кене шаққан адамның 10 күнге дейін басы ауырады»

– Кене шағып алды делік, ондай жағдайда не істеу керек? Қандай әрекеттерге бармаған жөн?

«Ең алдымен, адамды кене қай жерге шаққанын біліп алу керек. Табиғат аясында, қалалық жерде, үйдің ішінде анықтап алған жөн. Қалада дер кезінде жедел жәрдем немесе травмпункт бөлімшелеріне жүгіну керек. Ал егер таулы жерде, жайлауда кене шақса, оны алуға тырысу керек. Жіппен кененің тістеген жерін байлап, оңға бұрау арқылы аламыз. Сосын залалсыздандыратын ерітінділермен сүртіп аламыз. Ал кенені арнайы қорапшаға салып әкелгені абзал.

– Кене шағудан қалай қорғану керек? Осы тұста кене энцефалитіне қарсы екпе жайында да айтып өтіңізші.

«Ең алдымен жабық киім киюі керек. Өйткені кене ашық жерлер арқылы жүреді. Сонымен қатар арнайы тауға, жайлауға ақ түсті киім киіп шыққан дұрыс. Өйткені ақ киімнен кенені тез көреді. Сондай-ақ 2-3 сағат сайын денемізді тексеріп тұруымыз керек. Одан кейін арнайы спрейлер, залалсыздандыратын ерітінділер денемізге жағып тұрсақ, кене иістен қаша бастайды. 

Ал алыс сапарға шығатын болса, арнайы емханаларда екпенің түрлері бар, ол профилактика ретінде егіледі. Оны үш кезеңде салады. Ең алғашқысы бірінші күні және жеті айдан кейін, сонымен қатар 12 айдан кейін үшінші екпені салады. Бұл арнайы профилактика түрінде. Ал кене шағып алғаннан кейін, кісіге салмағына қарай өлшеп саламыз. Егер адамның салмағы 70 кг болса, ол кісіге 7 милилитр иммуноглобулин енгіземіз.

Оқи отырыңыз: Биыл Қызылордада 39 адамды кене шаққан