Биыл жол апатынан 6 адам көз жұмған
Түркістан облысында жолға қатысты мәселе жұртшылықты алаңдатып тұр. Тұрғындар рухани шаһар мен Кентау қаласын жалғайтын аралықты кеңейтуді сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Түркістан мен Кентау қаласы арасында адам тасып, напақа тауып жүргендердің бірі – Сәрсенбек Өмірбеков. Жасы 60-тан асқан ол мәселе Түркістан облыс орталығына айналған кезде күрделенгенін айтты.
«Көлік 2-3 есеп көп. Жол сапасы нашар, шұңқыр өте көп. Содан қашамыз деп, апатқа ұшырайды», – деді көлік жүргізушісі Сәрсенбек Өмірбеков.
Биыл жол апатынан 6 адам көз жұмған. Арасында өрімдей жастар да бар. Тағы 4 адам түрлі дене жарақатын алыпты. Таяуда жұртшылықты алаңдатқан жағдайға қатысты депутаттар да үн қатқан. Мәселе шешімін табу үшін Түркістанға қатынайтын тағы бір айналма жолды салуға қаржы бөлінді.
«Кентау қаласының орталығы Қонаев көшесін әуежай бағытындағы айналма жолға қосу мәселесі жоспарланған. Оның ұзындығы 2,2 шақырым, 4 жолақты жол болады. Құны 2,6 млрд теңге, биыл 200 млн теңге бөлінді», – деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Жалайыров.
Жауаптылардың сөзіне сенсек, биыл жолдың құрылысы басталады. Осының арқасында Кентау-Түркістан бағытындағы көлік ағыны 30 пайызға азаймақ.
Нұркен Әкімхан, Алмат Ілиясов, Түркістан облысы
Оқи отырыңыз: Жеңіс-80: Алматыда ашық аспан астында көрме ашылды