Халық қатысатын бюджет: Алматының Наурызбай ауданында 40 жоба жүзеге асты

19.11.2024 14:11

Бағдарламасы аясында келер жылы 300-ден астам жоба қабылданады

Алматыда келесі жылы "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы аясында 300-ден астам жоба іске асады. Биылғы өтінім қабылдау кезеңі аяқталып, 160 мыңнан астам азамат ұнаған жобасына дауыс берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы аясында Алматының Наурызбай ауданында 40 жоба жүзеге асып жатыр. Оның бірі – Шұғыла тұрғын үй кешеніндегі жаяу жүргіншілер аймағы. Жобаның сәтті орындалуына тұрғындар қатысып, эскизін сызу, жобалық-сметалық құжаттарын жасауға атсалысқан. Енді қағаздағы сызбалар іске асып, аудандық әкімдік өкілдері абаттандыруға күш салып жатыр.

"Жұмысқа ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Бұл жерде балалар және баскетбол алаңдары, воркаут аймақтар мен амфитеатр болады. Абаттандырып, сыртқы жарықтандыру мен автоматты суару жүйесін орнату жоспарланған. Бәрін кезең-кезеңімен жүзеге асырамыз", – деді Наурызбай ауданы әкімі аппараты Жол және инженерлік инфрақұрылымдар бөлімінің бас инспекторы Ержан Төлендиев.

Тұрғындардың жайлылығы үшін мыңнан астам ағаш пен бұта отырғызылып, 3,5 мың шаршы метр болатын жасанды көгал төселген. Жобаның толық аяқталмағанына қарамастан, Шұғыла тұрғын үй кешенінің тұрғындары 350 метрге созылған серуендеу аймағында демалып, жаңадан орнатылған жабдықтарда спортпен айналысып жүр. Ал қалған жұмыс қарашаның соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Айта кетейік, Манас Махметов есімді азаматтың бастамасымен орындалып жатыр екен. Ол мұнда 5 жыл бұрын қоныс аударған.

"Мен Шұғыла тұрғын үй кешені тұрғындарының атынан жергілікті билік өкілдеріне, Наурызбай ауданының әкімдігіне ерекше алғысымды айтқым келеді. Көршілерім алысқа бармай-ақ аулада серуендей алады. Есік алдында шағын саябағымыз пайда болды. Таза ауада спортпен де шұғылдана алады. Қуанышымызда шек жоқ", – деді қала тұрғыны Манас Махметов.

"Халық қатысатын бюджет" бағдарламасына қатысушылар балалар және спорт алаңдарын орнату және жөндеу, ауланы көгалдандыру мен жарықтандыру жүйесіне қатысты өтініш көп береді.

 Айта кету керек, биыл бағдарламаны қаржыландыру 18,8 млрд теңгеге ұлғайған. Жоба жайында толық ақпаратты budget.open-almaty.kz сайтынан білуге болады.

Гүлмарал Изатқызы, Владислав Иващенко, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Алматыда көгалдандыру бойынша күзгі науқан жалғасуда