ХҚКО-дағы дайын құжатты кез келген уақытта алуға болады

Автоматтандырылған жүйенің көмегімен жұмыс істейтін қондырғының бірі – жеке куәлікті алуға және оны ауыстыру

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарының саны 334-ке жеткен. Оның 13-і Алматыда орналасқан. Мекемелерде келушілерге 1300-ге жуық қызмет түрі ұсынылады. Биыл бұл көрсеткіштің 60 пайызға жуығын электронды форматқа ауыстыру көзделген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы – тұрғын саны көп ірі мегаполис болғандықтан, Халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, құжатын дұрыстайтындар, мәселесін шешетіндер жетерлік. Мәселен 2025 жылдың алғашқы үш айында келушілерге 621 мыңнан аса қызмет түрі көрсетілген.

 «Бізде нендей жаңашылдық бар деген сауалға жауап беретін болсақ, ең алдымен, 2024 жылы мамандандырылған 2-бөлімшеде және Медеу, Әуезов, Алмалы аудандарындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жаңғырту жұмысы жүргізілді. Тұрғындардың өзіне-өзі қызмет көрсете алуы үшін мекемелерде арнайы аймақтар пайда болды», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы басқармасының басшысы Мадина Аманова 

Автоматтандырылған жүйенің көмегімен жұмыс істейтін қондырғының бірі жеке куәлікті алуға және оны ауыстыруға көмектеседі. Өтініш небәрі 5 минуттың ішінде қабылданады. Бастысы суретке түсіп, қолтаңбаңызды қойып, міндеттелген қаражат мөлшерін төлеуді ұмытпасаңыз болғаны.

Айта кетейік, жаңа бастаманың нәтижесінде 62 мыңға жуық адам мамандардың көмегіне жүгінбей-ақ құжатын алған. Қатарында «жеке менеджер» қызметі де бар.

 «Мемлекеттік корпорацияның ресми парақшасында «Жеке менеджер» сервисі қосылған. Ол кез келген қызмет түрін көрсете алады. Жеке және жүргізуші куәлігін ауыстырып, бере алмайды», – деді Медеу аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының маманы Ботагөз Сейділдаева.

«Жеке менеджер» ақылы негізде жұмыс істейді. Бастама кезекте тұрмай-ақ қызмет түрін алуға септеседі.

 «Сәуірдің қорытындысы бойынша Алматы қаласының тұрғындары көрсетілетін қызметтің 40 пайызын электронды үкімет арқылы алып отыр. Оған электрондық цифрлық қолтаңбаның онлайн рәсімделуі де әсер етті», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы басқармасының басшысы Мадина Аманова.

Дайын құжатты да кез келген уақытта алуға болады. Ол үшін қаладағы 3 халыққа қызмет көрсету орталығында арнайы жәшік қойылды.

Рүстем Айткәрім, Әлішер Ерғалиұлы

 

Новости партнеров