Кино – идеологияның маңызды құралы
Қазақстанда «Кино туралы» заңға бірқатар өзгеріс енгізіледі. Толығырақ Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
"Кино – идеологияның маңызды құралы. Осыған орай, кинотеатрларда көрсетілетін фильмдердің мазмұнын бақылауды күшейту міндеті алдымызға қойылды. Осы мақсатта кинопрокат нарығын реттеуге мүмкіндік беретін заңнаманы жетілдіру жұмыстары басталды", - деді Аида Балаева елордада өткен ардагерлер кеңесінің пленумында.
Министрдің мәлімдеуінше, «Кино туралы» заңға келесі өзгерістерді енгізу жоспарланып отыр:
- Фильмдерді алдын ала қарау және прокатқа дейінгі сараптама үшін комиссия құру;
- Прокат куәлігін беру мерзімін 7 жұмыс күнінен 20 жұмыс күніне дейін ұзарту;
- Кинотеатрларда көрсетілетін фильмдердің толық түпнұсқасын ұсынуды міндеттеу.
"Өкінішке қарай, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, біз тек қысқа трейлерлерді (тизерлерді) ғана қарауға құқығымыз бар. Сондықтан фильмнің мазмұнын, ондағы жағымсыз контенттің немесе жат идеологияның бар-жоғын анықтай алмаймыз", - дейді ол.
Оқи отырыңыз: Өңдеу өнеркәсібі: жыл басынан бері өндіріс көлемі 8,7%-ға артты