Алматы кітапханаға келушілер саны жағынан алдыңғы орында тұр

23.04.2025 18:27

Сондай-ақ Қазақстанның қай өңірінде кітапхана көп екені айтылды

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

23 сәуір - Ұлттық кітап күні. Атаулы күн аясында Қазақстан кітапханалары жайлы деректерді ұсынамыз, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 3920 қоғамдық кітапхана жұмыс істеген, онда 10 мыңнан астам қызметкер еңбектенеді.

Айта кетейік, жалпы саннан 15 кітапхана –жекеменшік. 2023 жылмен салыстырғанда кітапханалардың жалпы саны төрт бірлікке қысқарған.

Кітапханалардың көпшілігі әмбебап (3873), сонымен қатар елімізде 20 ғылыми, 19 арнайы және басқа да 8 кітапхана жұмыс істейді. Еліміздегі кітапханалардың жалпы санынан балаларға арналған 265 кітапхана бар.

«Кітапхананың ең көп саны Түркістан облысында – 399. Одан кейінгі орында 358 кітапханасы бар Батыс Қазақстан облысы мен 341 кітапханасы бар Ақмола облысы тұр. Кітапхананың ең азы елордада – 27 бірлік”, - делінген бюро хабарламасында.

Қазақстанның кітапхана қорында 110,3 млн басылым бар. Электрондық каталогтың көлемі 1,7 млн бірлікті құрайды. Ең үлкен қор Алматыда, онда 37,1 млн басылым бар. Жалпы кітапханалардағы кітап қоры – 69,4 млн.

«Өткен жылы кітапханаларға азаматтар 55,4 млн рет барған. Келушілердің көпшілігі Алматыда – тұрғындар 5,5 млн рет кітапхана барса, СҚО және Түркістан облыстарында тиісінше 4,5 және 4 млн рет барған”, - делінген хабарламада.

Оқи отырыңыз: Ұлттық кітап күні: Алматыда кітапханашыларға арналған практикум өтті