ҚХА-30: Алматыдағы Достық үйінде ескерткіш тақтаның ашылу салтанаты өтті

03.03.2025 17:06

Мерекелік іс-шара аясында мұрағат материалдарының көрмесі де ұйымдастырылды

Алматыдағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған ескерткіш тақтаның ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл тарихи сәт Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келіп, мерекенің мәнін одан әрі арттыра түскен. Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Азамат Бескемпірұлымен қатар, Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері мен жастар ұйымдары қатысты. Рәсім барысында әкім орынбасары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқып, Ассамблеяның қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы ерекше рөлін атап өтті. Сондай-ақ ұйымның ел бірлігіне қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Мерекелік іс-шара аясында мұрағат материалдарының көрмесі де ұйымдастырылып, Ассамблеяның 30 жылдық тарихынан сыр шертетін құжаттар мен фотосуреттер ұсынылды.

«2016 жылы Үкіметтік бұйрығымен 1-наурыз Алғыс айту күні деп жарияланды. Дүнген халқының атынан қазақ еліме, әжелеріме, аталарыма, әріптестеріме, шәкірттеріме алғыс айтамын. Қазақтан еліне басымды иемін, – деді Дүнген этномәдени бірлестігінің төрайымы Римма Рамазанқызы.

Мерекелік жиын Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық желілік форумына жалғасты. Мұнда этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымдарының өкілдері Ассамблеяның елдегі тұрақтылық пен келісімді нығайтудағы маңызы жайлы пікір алмасқан. Қатысушылар ұйымның тарихи рөлін саралап, болашаққа арналған бастамаларын талқылады.

Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы 1 наурызда құрылды. Бүгінде бұл институт этностар арасындағы татулық пен бірлікті сақтауға, мәдени әртүрлілікті дамытуға қызмет етіп келеді. Ұйымның 30 жылдық мерейтойына орай, еліміздің барлық өңірінде бір үлгіде жасалған ескерткіш тақталар бір мезетте ашылып, тарихи оқиғаның маңыздылығын айшықтады.

 «Жақсылыққа жақсылықпен жауап беру – әр адамның парызы. Қонақжай елімізде өмір сүруге, бір-бірімізге алғыс білдіруіміз керек. Алғыс айту күні – мен үшін жай ғана мереке емес, жүрегімдегі ең жылы сезімдердің бірі, – деді Aфрика этномәдени бірлестігінің өкілі Даниэль Джеймс.

Оқи отырыңыз: Жақыныңа көмектес: Алматыда қайырымдылық акциясы өтті