Көкшетауда кимешек киген аналар шеруі Қазақстан рекордтар кітабына енді

22.03.2025 16:17

Шеруге көпбалалы аналар, ұстаздар, дәрігерлер, өнер адамдары мен өзге де сала өкілдері қатысты

Ақмола облыстысқ әкімдігінің баспасөз қызметі

22 наурызда Көкшетауда ұлттық дәстүрімізді дәріптеген ерекше шара өтті – кимешек киген аналардың шеруі Қазақстан рекордтар кітабына енді. Аталған шеруге 1600 әйел қатысып, республика бойынша жаңа рекорд орнатылды, деп хабарлайды Almaty.tv облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Кимешек шеруі – жай ғана іс-шара емес, бұл – ұлттық дәстүрдің ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқандығының айқын дәлелі. Бүгінгі күн Көкшетау тарихындағы жарқын сәттердің бірі ретінде есте қалады», – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.

Шерудің алдыңғы қатарында өңірдің дамуына, мәдениетінің өркендеуіне үлес қосқан танымал тұлғалар жүрді. Олардың қатарында Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бисара Макенова, мәдениет қайраткері Орынтай Жүсіпәлина, тілтанушы Марал Жақыпова, ұлттық киім шебері Үлжалғас Қарымсақова, қолданбалы өнер шебері Гүлнар Орынбаева, Аналар кеңесінің төрайымы Айнұр Жахина және көпбалалы ана Анаргүл Мұхамедрахимова бар.

Шеруге көпбалалы аналар, ұстаздар, дәрігерлер, өнер адамдары мен өзге де сала өкілдері қатысты. Сондай-ақ шараға Астана мен Солтүстік Қазақстан облысынан келген нәзікжандылар да қосылды. Әртүрлі ұлт өкілдерінің қатысуы бұл шерудің ел бірлігін паш ететін маңызы зор мәдени оқиғаға айналғанын көрсетті.

Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Бақытжан Тастүлеков шеруді рекорд ретінде тіркеп, Ақмола облысының әкіміне арнайы сертификат табыстады.

«Бүгін 1600 ана кимешек киіп, ұлттық дәстүріміздің мәртебесін асқақтатты. Бұл – ел тарихындағы айрықша оқиға», – деді ол.

«Ақ кимешек» шеруі Абылай хан алаңындағы басты сахнада LED-экран арқылы тікелей көрсетіліп, қала тұрғындары мен қонақтарына ұмытылмас әсер сыйлады.

Бұл шара Көкшетау тарихында ұлттық дәстүрді жаңғыртудың, өткен мен бүгінді сабақтастырып, ұрпақтар байланысын нығайтудың жарқын символы ретінде қалмақ.

Оқи отырыңыз: Қазақтың ұлттық киімі Гиннестің рекордтар кітабына енді