Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін бірқатар жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар ұсынылған
Биыл 6 мыңнан астам алматылық жаңа пәтерге ие болады. Бұған мемлекеттік 2% және 5% ипотекалық бағдарламаларының, қалалық "Алматы жастары" қатысушылары мен кезекте тұрған әлеуметтік осал топ санатындағылар қол жеткізеді. Жастар, көпбалалы отбасылар мен баспана кезегіндегілер үшін бұл – қолжетімді тұрғын үйге бір қадам жақындататын тиімді мүмкіндік, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысының тумасы Рүстем Қадырбеков үшін Алматы – арманын жүзеге асырған қала. Себебі ол 2014 жылы алып шаһарға қоныс аударып, дәл осы жерде баспаналы болған. Кейіпкер 2021 жылдың көктемінде мемлекеттік бағдарлама аясында сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтерге өтінім беріп, жеңімпаз атаныпты. Жарты жылдан астам уақыт жайлы баспанада тұрып, осы кезеңде өз қонысына қажетті бастапқы жарнасын жинап та үлгерген. Оның айтуынша, "Алматы жастары" – жас мамандар үшін жеке үйіне қол жеткізудің үлкен мүмкіндігі.
"Қазір пәтерлер қымбат. Ал жалға беретін пәтерге айына 10 500 теңге төлейсіз. Ол арзан, ақша жинауға мүмкіндік болады. 2022 жылы күз айында «Шаңырақ» бағдарламасы басталды. Соған қатысып, осы "Мәдениет" шағынауданынан 3 бөлмелі пәтер алдым. Үлкен жеңілдік болды", - дейді қала тұрғыны Рүстем Қадырбеков.
Ал "Алматы жастары" бағдарламасының игілігін көргендердің бірі – Мерей Райымбеков. Ол өз шаңырағына қол жеткізу мақсатында мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатысып, жеңімпаз атанды. Төрт баланың әкесі шағын, бірақ жайлы 47 шаршы метрлік үйді таңдап, бүгінде қоныс тойына қамданып жатыр. Жаңа баспанасында жөндеу жұмыстарын жүргізіп, отбасы үшін жайлы орта қалыптастыруда. "Алматы жастары" бағдарламасы Мерей секілді көптеген жас отбасыларға үлкен мүмкіндік сыйлап, Алматыда бақытты өмір сүрудің жолын ашты.
"Алматы жастары бағдарламасының арқасында өзімнің болашақ баспанамды алуға көмегі тиді. Жастардың осы бағдарламаға қатысып, өзінің болашақ баспанасына қол жеткізуіне шын жүректен тілектеспін", - деді қала тұрғыны Мерей Райымбеков.
Алматы қаласында баспана кезегінде тұрған азаматтардың саны 40 мыңнан асып жығылады. Халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар ұсынылған. Солардың қатарында "Бақытты отбасы" мен "Шаңырақ" бар. Бұл бағдарламалар аясында қарыз алушылар үшін несие мөлшерлемесі 2% және 5% пайыз деңгейде белгіленген. Ал жастарға арналған "Алматы жастары" бойынша бұл көрсеткіш – 5 пайыз.
Айта кету керек, өткен жылдан бастап өтініш берушілерден төлем қабілеттілігін растау және кемінде 10% бастапқы жарна төлеу талап етілді. Бұдан бөлек, мемлекеттік бағдарламалар бастапқы жарнаның бір бөлігін өтеуге мүмкіндік беретін тұрғын үй сертификаттарын беруді қарастыруда.
"Кезекте тұрған азаматтар егер кезегін күткісі келмесе, "Шаңырақ" және "Бақытты отбасы" бағдарламалары бар. Ол 2 және 5 пайызбен жүзеге асырылып жатыр. 2 пайызбен "Бақытты отбасы" деген барғдарлама бар. Оған көпбалалы отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүгедек бала асыраушылар және жетім балалар кезекте тұр. Осы төрт санат бойынша кезекке тұрған азаматтар кезегін күткісі келмесе, осы ипотекалық бағдарлама арқылы баспаналы болса болады. Онда бастапқы жарнаны өтеу үшін 1,5 млн теңгеге дейін әкімшілік тарапынан қаражат қарастырылған", - деді Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбдішүкірұлы.
Өткен жылы «Алматы жастары» бағдарламасына «Жұмыс істейтін жастар» санаты енгізіліп, 20 адам жалдамалы пәтерден өз шаңырағына қадам басты. Жалпы, осы жылдың соңына дейін 6 мыңнан астам алматылықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Мәди Мәлік, Ернат Болатбек, "Алматы" телеарнасы
Оқи отырыңыз: "Кеңгір" су қоймасы мемлекет меншігіне қайтарылды