Қонаевта ер адамды атып өлтірген топ мүшелері ұзақ жылға сотталып кетті

25.04.2025 18:51

Қаза тапқан ер адамның досына да үкім шықты 

Аlmaty.tv

Алматы облысында адам өлімімен аяқталған оқиғаға байланысты 6 адамға сот үкімі шықты,  деп хабарлайды Almaty.tv.

Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметінен хабарлағандай,  2024 жылғы маусымда Қонаев қаласындағы «Алекс» демалыс орнында екі сотталушы мен жәбірленуші «М» арасында жанжал туындап, төбелеске ұласқан.  

«Жәбірленуші басым түскендіктен сотталушылар оны өлтірмек болған. Олар қылмыстық ойларын жүзеге асыру үшін тағы төрт адамды тартқан. Сол кеште Қонаев көшесіндегі ХҚКО маңында олар жәбірленуші М.-ге бірнеше рет оқ атқан, кейін ол ауруханаға барар жолда көз жұмған. Оның досы Б. жарақат алып, дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында аман қалды», - делінген сот хабарламасында.

Сот барлық сотталушыны  бірнеше бап бойынша бойынша кінәлі деп таныды. Жағдайды жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескере отырып, ҚК-нің 58-бабы 4-бөлігіне сәйкес, А. және Т. есімді сотталушыларға 19 жыл, ал А., Б., А., Н. есімді сотталушыларға 17 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Ал көз жұмған азаматтың досы, сотталушы Б. Қылмыстық кодекстің 422-бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған қатысты 2 жылға және 6 айға бас бостандығын шектеуге үкім шығарылды.

Сот жазаны тағайындау кезінде сотталушылардың бұрын сотты болмағанын және кәмелетке толмаған балалары барын жеңілдететін мән-жай ретінде, ал атыс қаруын қолдануын ауырлататын мән-жай ретінде ескерді.

Оқи отырыңыз: Қаза тапқандар бар: Астанада екі жүк көлігі өртеніп кетті