Қостанай балабақшаларында тамақ қымбаттады - аналар наразылық білдірді

25.02.2025 16:40

Былтыр қазанда өңірдегі әр бақшада арнайы жұмыс тобы құрылып, бағаны бақылауға алған

Қостанай балабақшаларында тамақ қымбаттады. Тариф мен азық-түлік бағасының өсуі ата-аналардың наразылығын тудырып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Балабақшадағы ас бағасының қымбаттауы ата-аналарды алаңдатып отыр. Өйткені мектепке дейінгі ұйымның бір айлық төлемі де өскен. Сәйкесінше, көпшіліктің қалтасына салмақ түседі. Ал жауаптылар бұл қымбатшылықты азық-түлік бағасының өсуімен байланыстырады.

 «Балабақшадағы тамақ бағасының өсуі азық-түліктің қымбаттауымен тікелей байланысты. Біз күнделікті дүкенге барғанда байқап жүрміз, былтырғымен салыстырғанда баға едәуір көтерілген. Бөбекжайдағы астың бағасы шамамен 3-3,5 пайызға көтерілді. Соңғы рет азық-түліктің құны 2024 жылы қаңтарында өскен, – деді облыстық Білім басқармасы мектепке дейінгі білім бөлімінің басшысы Татьяна Жихарева.

Былтыр қазанда өңірдегі әр бақшада арнайы жұмыс тобы құрылып, бағаны бақылауға алған. Нәтижесінде ас құнын өсіру туралы шешім қабылданыпты. Мәселен үш жасқа дейінгі бүлдіршіндердің ас-суы 515 теңгеге қымбаттаса, үш жастан асқан балалар үшін 709 теңге белгіленген. Нақтыласақ, сүт өнімдері, ет және көкөністердің құны артқан. Ал жауаптылар мектепке дейінгі ұйымдарға азық-түлікті әртүрлі кәсіпкер жеткізетінін айтып отыр. Олардың кейбірінде баға 5 пайызға, енді бірінде 20 процентке өскен. Сондықтан да балабақшалар орташа тарифті бекіткен.

 «Былтыр қазанда мектепке дейінгі әрбір мекеме білім бөліміне есеп бердік. Біздегі жағдай бойынша, бүлдіршіндер бөбекжайында 1000 теңгеге, ал, мектепке дейінгі мекемеде 1500 теңгеге дейін қымбаттауы керек еді, – деді  балабақша меңгерушісі Айгүл Тұсова.

Бұл өзгеріс ата-аналарды сары уайымға салған. Әсіресе балабақшаға екі не одан да көп баласы баратындарға оңай болмай тұр.

Аршат Әділжанқызы, Елисея ТомашЕвская, Қостанай

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында медицина мамандары әлеуметтік төлемнен қағылып келген