Су тасқыны орнында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, ескерту белгілері орнатылды
Қостанай облысында еріген қар суы республикалық маңызы бар автожолды басып қалды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі «қазАвтоЖол» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2025 жылғы 16 наурызда сағат 11:00-де ауа температурасының күрт жылынуы мен қардың қарқынды еруі салдарынан Қостанай облысында республикалық маңызы бар KZ 10-05 «Мариновка ауылына кіреберіс» автожолының 9 шақырымында су тасқыны болған. Су басқан учаскенің ұзындығы шамамен 40 метрді, ал тереңдігі 10 см құрайды.
Бұл учаске Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы бейтарап аумақтағы Желкуар өзенінің (құрғақ арна) бойында орналасқан. Көпір өткелінің болмауына байланысты аталған учаскеде жыл сайын су тасқыны қайталанып тұрады.
«Су тасқыны орнында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, ескерту белгілері орнатылды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 2 бірлік арнайы техника және 3 маман жұмылдырылды. Қазіргі таңда автожолда қозғалыс шектеуі жоқ», - делінген хабарламада.
Бұл учаскенің бейтарап аумақта орналасуына байланысты Ресей Федерациясымен бірлескен көпір өткелін салу жөнінде келіссөздер жүргізілуде.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда бір жылда 1,5 млн-нан астам адам өзге өңірге қоныс аударған