Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күзетшісі ағылшын тілін қалай үйренгенін айтты

Әлеуметтік желіде видео 3 күн ішінде 700 мыңға жуық қаралым жинаған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күзетшісі әп-сәтте әлеуметтік желінің жұлдызына айналды. Жұрт оның ағылшын тілінде еркін сөйлегеніне тәнті болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – әлеуметтік желіде 3 күн ішінде 700 мыңға жуық қаралым жинаған видео. Ілияс Шер «аз уақыттың ішінде танымал болам деп ойламадым» дейді. Өзі 3 айдан бері Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде қызмет етеді. Ал ағылшын тілін ұлы мен қызы үшін үйренгенін айтты.

"Қазақ-түрік университетінде оқу барысында кейбір сұрақтар туындайтын. Сол кезде өзім үйреніп, соларға түсіндірем деп шештім. Балаларға түсіндіру үшін, өзің білуің тиіс", – деді Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің күзетшісі Шер Ілиясов.

Түркістан  түркі әлемінің туристік астанасы атанғалы келетін саяхатшылардың қатары да көбейген. Кесене күзетшісінің айтуынша, олар тарихы терең шаһар туралы көбірек мәлімет білгісі келеді. Сондықтан туристерге жауап беріп, жөн сілтеу азаматтың күнделікті әдетіне айналған.

"Мен оларды түсінем, олар мені түсінеді. Оның үстіне қызмет барысында әр түрлі дүниені сұрайды. Мен оларға жауап берем, сосын сөйлесіп кетеміз. Оның үстіне аз уақыт болса да сөйлесіп жүріп, тілім жаттығады. Келген қонақтардан да үйренемін", – деді Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің күзетшісі Шер Ілиясов

Бұған дейін Ілияс шаһарда автобус жүргізушісі болып жұмыс істеген. Арнайы жоғары білімі жоқ. Ағылшын тілін 5 жылда меңгерген ол испан тілін үйренгісі келеді. 

Нұркен Әкімхан, Түркістан

Оқи отырыңыз: Вальс королі: Түркістанда Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына негізделген қойылымын сахналады

 

Новости партнеров