Құмар ойынмен күрес: жаңа ережелер күшіне енді

10.02.2025 19:56

Елде 200 мыңға жуық адам бәс тігуден өз еркімен бас тартып отыр

16 ақпаннан бастап құмар ойындарға тыйым салатын заңның жаңа ережелері күшіне енеді. Спорт және туризм министрлігі құжатқа өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өзін Мақсат деп таныстырған Алматы тұрғынының құмар ойынға құштарлығы студент кезінде басталған. Ол досының арбауына еріп, кредит алып, бәс тігуді күнделікті әдетіне айналдыра бастаған. Азамат бірнеше жылда 20 миллион теңгеден аса қаражаттан қағылған. Қазір емін алып, өз-өзін ойындардан ресми шектеуге бел буыпты.

"Дос баладан көріп, бастап көрейінші дедім. Әрі қарай ушығып кетті. Қауіпті деп ойламадым. Көп адам басында білмей қалады", – деді қала тұрғыны Мақсат.

Ел бойынша құмар ойынға құныққандар 400 мыңға жуықтады. Соңғы үш жылда азаматтар бәс тігуге 1 триллион теңге жұмсаған. Бұл әуестіктің түріне көбіне букмекерлік кеңсе, онлайн ойындарға құмар жастар тәуелді. Лудомандарға арналған заңды ата-аналар мен психолог мамандар қос қолдап қолдап отыр.

"Наркоман пен алкоголиктерге қарағанда жабық жерде ғой. Ол жерде есірткі, ішімдік жоқ. Олар тек емделіп бастайды. Қалай осы заң шықты, күн сайын жұмыс жасап, айтып отырмыз", – деді оңалту орталығының жетекшісі Азамат Тұрсынов

Алғашқыда лудомандарға заң аясында өзін-өзі құмар ойыннан шектеу уақыты 6 айдан 1 жылға дейін болатын, қазір бұл мерзім 10 жылға дейін созылды. Сондай-ақ енді азаматтың немесе оның жақын туыстарының дербес деректерін жинауға және өңдеуге келісім қажет. Ал аталған тізімнен бас тарту тәртібі қиындай түсті. Ол үшін қосымша құжаттар талап етіледі.

Бұрын өз-өзіне шектеу қою үшін, букмекерлік кеңселерге өтініш жазатын. Олар өтінішіті уәкілетті органға жібереді, онда 5-6 күн қаралатын. Ал қазір азаматтар тікелей уәкілетті органға өтініш жазып, өз-өзіне шектеу қоя алады, – деді ҚР Туризм және спорт министрлігінің басқарма басшысы Абдель Балтатегі.

Құрығы ұзын құмар ойындардан жұртты алшақтату үшін елде біршама шара іске асып жатыр. Мәселен 90 күннен аса несиесін өтемеген, сондай-ақ алимент пен салық бойынша қарызы 3 миллион теңгеден асқан азаматтар бәс тіге алмайды. Бұған қоса 300 мыңға жуық әскери мен мемлекеттік қызметкер үшін де ойын бизнесіне қатысуға тыйым салынды.

Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Өгей өксіткен өмір: 15 жастағы қыз ана атанды