Құрылтай мүшелері бірінші күні қандай мәселелерді талқылады

14.03.2025 13:12

 Атыраудағы Ұлттық Құрылтайда 300-ге жуық мәселе талқыланып, 40 бөлімнен тұратын жүйелі жоспар қабылданған

әлеуметтік желіден алынды

Бурабай жеріндегі ІV Ұлттық құрылтайдың алғашқы күні жемісті аяқталды. Бұл туралы мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv

Оның айтуынша, құрылтай мүшелері бірінші күні арнайы «Азаматтық қоғам», «Мәдениет. Өнер. Руханият»,  «Білім және ғылым», «Әлеуметтік-экономикалық даму» секциялары бойынша бөлініп, қоғам көшінде қордаланған, жүйелі шешімін табуы тиіс өзекті мәселелерді талқыға салды.

«Қызу талқылаулармен өткен секциялық жұмыстарда мына мәселелер ашық талқыланып, шешілу тетіктері қарастырылды: Заң үстемдігі, халықтың құқықтық сауаты, әскердегі әлімжеттік, экологиялық мәдениет, тіл мен дін мәселесі, азаматтық қоғам институттарының рөлі, отбасы құндылықтары, қазақша контентті дамыту, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, елдегі тарихи-мәдени нысандарды қорғау, өңірлердегі қаламгерлердің шығармашылығын насихаттау және баспа ісін жүйелеу, білім беру саласындағы реформаларды жетілдіру, ЖОО-лардағы кадр тапшылығы мәселесін жою, өңірлік ғылым орталықтарын дамыту және Ғылым академиясының жұмысын жандандыру»ғ – деді Жанарбек Әшімжан.

Депутат Ұлттық құрылтай бүгінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени кеңістігінде мемлекет пен халық арасындағы байланысты нығайтып, күрделі түйіннің күрмеуін шешуге заңдық шеңберде ұсыныс беретін ықпалды «саяси институтқа» айналғанын атап өтті.

«Ұлттық құрылтай — бабалардан келе жатқан Ұлы Кеңестердің заман ағымына сай модернизациялануы. Жыл өткен сайын кеңес құрамы кәсіби мамандармен толығып, ой-пікірлерді жеткізу моделі жетіле түскен ашық диалог алаңының негізгі мақсаты – қоғамның өзекті мәселелерін анықтап, талқылау ғана емес, оларды жүйелі шешуге сарапшылар қауымын жұмылдыру. Бүгінде ерекше маңызға ие «Еңбек адамы”, «Жұмысшы мамандықтар жылы» ұғымы, “Тәуелсіздік және Отаншылдық”, “Әділдік және Жауапкершілік”, “Заң және Тәртіп”, “Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік” идеялары дәл осы құрылтай төрінен бастау алған», – деді депутат.

 Атыраудағы Ұлттық Құрылтайда 300-ге жуық мәселе талқыланып, 40 бөлімнен тұратын жүйелі жоспар қабылданған.

Оқи отырыңыз: Президент: Амал келгенде амандық білісу — көне заманнан жалғасқан айрықша дәстүріміз