Рекдакциямызға Алматы облысының тұрғыны Қарлығаш Толқынова есімді азаматша көмек сұрап хабарласты
Іздеу саламыз! Редакциямызға Алматы облысының тұрғыны Қарлығаш Толқынова есімді азаматша көмек сұрап хабарласты. 44 жастағы бауыры Айдар осыдан 2 жыл бұрын із-түссіз жоғалып кеткен еді, күдер үзбеген туыстары ол құлдыққа түскен болуы мүмкін деген пікірде. Ал, полицияда бұл оқиғаға қатысты не дейді? Толығырақ Almaty.tv тілшісінің бейнематериалында.
Бұл Толқыновтар отбасының Заречный кентіндегі шаруа қожалығы. Айдар осында әкесі және інісімен бірге мал баққан. Құжат бойынша Айдар болғанымен, туған-туыстары Қуаныш деп атайды. Кезінде үйленіп, жұбайымен дәм-тұзы жараспай ажырасып кеткен. Балалары жоқ. Сондықтан қысы-жазы осы шаруа қожалығында немесе Қапшағай тұсындағы саяжайларында жүреді. Жоғалған күні сол жаққа кетіп, іс-түссіз жоғалып кеткен. Қолында не құжаты, не ұялы телефоны болмапты.
«Міне, осы біздің шаруа қожалығымыз. Әке-шешемдікі. Екі інім де осы жерде жүреді. Төмен жақта саяжайымыз бар. Сол жақта інім анда-санда демалып қайтады. Сол күні саяжайға кеткен демалуға. Саяжайдың төмен жағынан Айдын деген кісіні кездестіріп алып кетіп отыр», – деді А. Толқыновтың әпкесі Қарлығаш Толқынова.
Айдын есімді азамат Айдар Толқыновтың 70-ке таяған анасына телефон шалып, суретін жіберген. Шаруа қожалықтарының бірінен, алып кетіңдер депті. Алайда, айтылған жерге барған туыстары екеуін де таппаған.
«Дидар деген балам барды ол жерге. Сол жаққа барыңдар, алып кет деп жатыр дедім. Барса сол жерде өзбектер жүр екен. Сұраса айтыпты, ол кетіп қалды деп. Баламның ойында ешнәрсе болмаған, сол жерді дұрыстап қараса мүмкін біреу ұстап отырды ма, кім біледі, ол да кетіп қалыпты жоқ деп. Содан осы уақытқа дейін жоқ болды ғой», – деді А. Толқыновтың анасы Манет Сүндетова.
Іс-түссіз жоғалу дерегіне қатысты Іле аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғап, іздеу шаралары жүргізілген. Волентерлар да тартылыпты. Іздеу шаралары әлі күнге дейін жалғасып жатыр.
«2019 жылдың 30 қараша Іле аудандық полиция басқармасына 36 жастағы Талғар ауданының тұрғыны өзінің ағасы 2019 жылдың 9 қазан күні Жетіген ауылының маңындағы шаруа қожалығынан шығып, сол күйі оралмағаны туралы арыз түскен. Аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жоғалған азаматты іздеу туралы бағдар барлық полиция бөлімдеріне таратылып, қазіргі таңда іздеу жұмыстары жалғасуда», – деді Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Әбілтай Әбенов.
2019 жылдың қараша айында Заречный кентіндегі шаруа қожалығынан шығып кетіп, із-түссіз жоғалған 44 жастағы Айдар Толқыновты көрген-білгендер болса туыстарына +7 708 203 61 67 немесе полицияға 102 нөмірі бойынша хабар беруге болады.
«Бәленбай жасқа келсе де ол бізге бала. Қуаныш балам, өзің телевизордан көріп қалсаң, хабарлас, бауырларың, әке-шешең сағынып асыға күтіп жүрміз. Қайтадан үйге оралшы, балапаным», – деді А. Толқыновтың анасы Манет Сүндетова.
Айнұр Қапышева, Ялкунжан Ашимжанов,«Алматы» телеарнасы