Қыруар қаржы бөлінген мәдениет үйінің құрлысы неге сегіз жылға созылды

10.04.2025 21:25

Жобаға бюджеттен 1,4 миллиард теңге бөлінген

Атырау облысы Мұқыр ауылындағы Мәдениет үйінің құрылысы созбалаңға салынды. 8 жылдан бері қолға алынбаған 400 орындық нысанның қазір қалқиып қаңқасы ғана тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ауыл жұрты жаңа Мәдениет үйін күте-күте жалыққан. Қыруар қаржы бөлінген нысанның құрылысы 8 жылдан бері тоқтап тұр. Бұған дейін бекітілген екі бірдей мердігер шаруаны оңдырмапты. Салдарынан мәдениет қызметкерлері мектептің қуықтай бөлмесінде жұмыс істеуге мәжбүр.

 «Мәдени ошақ жоқ, 20 жылдан бері мектептің АКТ залында жұмыс жасап келеміз. 2017 жылы құрылысы басталып, мердігерлердің жауапсыздығынан салынбай қалды. Бұл – жалғыз менің арманым емес, барша Мұқыр округінің жастарының арманы», – деді Мәдениет үйінің қызметкері Ақшолпан Жарылғасынова.

Әу баста жобаға бюджеттен 1,4 миллиард қаржы бөлінген. Конкурс арқылы жеңген екі бірдей мекеме еш себепсіз жұмысты орта жолда тастап кеткен. Енді конкурс қайта жарияланып, жаңадан анықталған мердігер құрылысты жандандыруға кірісіпті.

 «Басқа мердігер конкурсқа қатысып сот процесі болып, одан кейін тағы да міне үшінші мердігер келді. Мемлекеттен 1,4 миллиард теңге бөлінді. Біздің мақсат – бюджет қаражатын тиімді жұмсалу және нысанды созбалаңға салмай, уақытында аяқталуын қадағалау», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Жахин.

Құрылысқа жауаптылар Мәдениет үйінің құрылысы биыл жанданады деп сендіріп отыр. Жобаға  түзету енгізіліпті. 

 «Ол мекеме жауапсыз деп танылады. Одан кейін қайтадан тендерлік рәсімдеу өткізіліп, нысан техникалық ерекшеліктерге сәйкес бұзылды. Қазір нысанның іргетасы қаланды. Жұмыс қарқынды жүруде», – деді Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Талғат Бисен.

Шенеуніктер құрылыс жұмыстары тамыз айына дейін аяқталып, күзде пайдалануға берілетінін айтты.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Лудоманиямен күрес: бәс тігуге тыйым салынған адамдардың тізімі кеңейе түспек