Қылмыстық кодекске адам ұрлау бабынан бөлек, жеке бап енгізілмек
Қыз алып қашқандар бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мәжіліс депутаттары бұл мақсатта жазаны қатаңдату үшін Қылмыстық кодекске адам ұрлау бабынан бөлек, жеке бап енгізбек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қыз алып қашқандардың жазасы темір тор болмақ. Мәжілісмендер Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізуге білек сыбана кіріскен. Мұрат Әбеновтің айтуынша, соңғы 3 жылда күштеп неке қимақ болғандарға қатысты 214 арыз тіркелсе, оның тек 10-ы сотқа жеткен. Халық қалаулысы мұндай қылмыс үшін жаза қатаң болуы керек деп санайды. Өйткені заң жапа шеккен қыздарды жеткілікті түрде қорғамайды.
"Неке қию мақсатында қыз алып қашқандарға 2000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы және қоғамдық жұмыстарға тарту туралы жауапкершілік ұсынып отырмыз. Егер кәмелет жасқа толмаған адамға топтасып қысым жасаса, сосын қандай да бір зиян келсе, 3 жылдан 5 жылға дейін түрмеге қамалады. Егер адамды күштеп үйде ұстап отырса, психологиялық және физикалық қысым жасаса 10 жылға дейін темір торға тоғытылады", – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов.
Тұрғындардан депутаттар көтерген бастамасы туралы пікірін сұрадық. Көпшілік дәстүрді желеу еткендердің іс-әрекетін қолдамайды.
"Меніңше, әкімшілік айыппұл салған дұрыс. Солай әділ болады. Салт-дәстүрдің бары рас, бірақ қызды күштеп алып қашу – қате. Сондықтан да айыппұлмен жазалау керек", – деді қала тұрғыны Дәурен Ғазезов.
"Әрбір бойжеткен ұзатылғанды қалайды. Ақ көйлек киіп, сырға салғанын қалайды. Сол себепті алып қашуға қарсымын. Әкем де анамды ұзатып алған", – деді қала тұрғыны Еркебұлан Қобланов.
Оған қарсымын. Қазіргі заманда қыз алып қашу керек емес. Екі жақтың разылығымен, үйленген дұрыс", – деді қала тұрғыны Жарқынай Төлепқызы.
Мәдениеттанушы Ғазиза Әбділбай қазақта қалыңдықты құда түсіп алуға шамасы келмеген отбасылар өзара келісіп, қызды алып қашуға рұқсат бергенін айтты. Маманның айтуынша, танымайтын бойжеткенді еркінен тыс ұрлап кету – қылмыс.
Салт-дәстүрді жамалып, қызды қорқытып алып қалу – қате. Ол жазалануы керек. Ескіні ескіше қалдырып, салт-дәстүрді бұрмалауға қажеті жоқ деп ойлаймын. Салт-дәстүр дегеніміз ол екі жақтың да келісімі бойынша шешілетін дүние", – деді мәдениеттанушы Ғазиза Әбділбай.
Депутат Мұрат Әбеновтің сөзінше, Тәжікстан мен Өзбекстанда қыз алып қашатындарға қатаң заң бар. Біздің елде де жақын арада Қылмыстық кодекске түзетулер енгізілуі мүмкін.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Дастан Темірбекұлы, Астана
Оқи отырыңыз: Түрмеден қоңырау шалған: 25 жылға сотталған ер адамның жаза мерзімі ұзартылды