Қызметтік борышын өтеу кезінде көз жұмған полицейлер мен әскерилердің отбасына өтемақы төленуі мүмкін

Мәжіліс депутаттары тиісті заң жобасына енгізілетін өзгерістерді талқылады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тәуелсіздік алған жылдары қызмет барысында қаза тапқан полицейлер мен әскерилердің отбасына өтемақы төленуі мүмкін. Бүгін Мәжіліс депутаттары тиісті заң жобасына енгізілетін өзгерістерді талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жаңа нормада қызметтік борышын өтеу кезінде көз жұмған құқық қорғау, арнайы мемлекеттік орган қызметкерлері мен әскери қызметшілердің жұбайларына өмір бойына, ал балалары 23 жасқа толғанға дейін төлемақы берілетіні жазылған.

Айта кетейік, қолданыстағы құжатқа сай 2022 жылдан бері қаза тапқандардың отбасыларына өтемақы ай сайын беріліп келеді. Егер заң күшіне енсе, бұл санатқа 530 отбасы кіретін болады.

 «Қолданыстағы заңнамаға сай, 2022 жылдан бастап қаза болғандарға төлемдер реттелген. Төлемдер соңғы лауазымдар бойынша ақшалай үлесін 40 пайыз мөлшерінде, бірақ отбасына 100 пайыздан аспайтын көлемде төленді. Қазір  есепте 500 отбасы бар. Тек Ішкі істер министрлігінде 337, Қорғаныс министрлігінде 53, Төтенше жағдай министрлігінді 56 жанұя тіркелген», – деді ҚР ІІМ орынбасары Санжар Әділов.

Сондай-ақ елімізде қарасораны өндірістік мақсатта өсіруге рұқсат берілуі мүмкін. Бүгін мәжілісмендер бұл мәселені де қарады. Құжатта каннабистің бірнеше сорты ел экономикасын дамыту және отандық әрі шетелдік инвесторларды тарту мақсатында өсірілетіні жазылған. Аталған өсімдік тоқыма және басқа да салаларда пайдаланылады. Ішкі істер министрінің орынбасары қарасораның құраманда есірткінің мөлшері 0,3 пайыз ғана болатынын жеткізді. Алайда депутат Ерлан Саиров заң күшіне енсе, сақтық шараларын ұмытпауды және мемлекеттік бақылауды күшейту қажет екенін айтты.

 «Франция, Испания, Чили, Ресей, басқа да мемлекеттер қазір техникалық конопляны енгізіп жатыр. Бірақ Еуропа елдерінде осы техникалық конопляға қатысты қоғамдық бақылау элементтері күшейтілген. Сондықтан Қазақстанда да енгізетін болсақ, қоғамдық бақылау элементтерін күшейту қажет деп ойлаймын», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров.

Оқи отырыңыз: "Күлдіретін шарик" тұтынған жастар есін жоғалтып жатыр – депутат дабыл қақты

 

 

 

 

Новости партнеров