Қызылорда облысында 2 000-нан астам маманның еңбекақысы төленбеген

11.04.2025 14:29

Қадағалаушы орган аймақтағы мекемелерге тексеріс кезінде қызметкерлерге 601 млн теңге жалақының дер кезінде төленбегенін анықтаған

Қызылорда облысында «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша жұмысқа тартылған 2 300-ден астам маманның еңбекақысы төленбей келген. Бұл туралы облыс прокуроры мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жастарға арналған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 264 млн теңге берілмепті. Сондай-ақ өңірде жыл басынан бері прокуратура мамандарының ықпалымен 7 мыңнан астам жұмысшының құқығы қорғалған.

Қадағалаушы орган аймақтағы мекемелерге тексеріс кезінде қызметкерлерге 601 млн теңге жалақының дер кезінде төленбегенін анықтаған. Қазір қаржы толықтай өндіріліп, олқылыққа жол берген жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Облыс прокуроры «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығы мен Ақай ауылындағы № 99 мектептің бас есепшілерінің тергеліп жатқанын хабарлады. Олар іссапар мен жалақыға көзделген 90 млн теңгеден астам қаржыны жеке шоттарына аударған.

 «Өңірде 960 тұлға тәртіптік және әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Мемлекет бюджетіне 1 млрд теңге және 75 млн теңге әкімшілік айыппұл өндірілді. Сондай-ақ мемлекетке құны 524 млн теңге болатын мүлік қайтарылды», – деді облыс прокуроры Ризабек Ожаров.

Оқи отырыңыз: Елімізде тұрғын үй бағасы қымбаттауы мүмкін