Қызылорда облысында шебер өткен ғасырдағы ұстахананы қайта жандандырды

29.01.2025 17:02

Түрлі тұрмыстық заттары тұтас ауылдың кәдесіне жарап тұр

Болатты балқытып, темірден түйін түйген ұста Талғат Ыдырысов көнеден жеткен көрік пешті көздің қарашығындай сақтап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұстахана – Талғаттың екінші үйі. Мұндағы көрік пен темір төс белгілі ұста Ыбырайдан жетіпті. Бұйымның ғасырға жуық тарихы бар. Кезінде көрік қыздырып, елге ептілігімен танылған шебердің ұстаханасы өткен ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін қолданыста болған. Талғат ұсталықты бала жасынан меңгерсе де, бұл жолды таңдағысы келмеген. Дегенмен қанға сіңген қасиет құрал-сайманды қолына қайта ұстатқан.

"1993 жылы ауылда Ыбырай деген ұста болған. Ескі дүкенде тұрған көрігін үлкен кісілерден рұқсат алып, құран оқытып, үйге әкеліп құрдым. Көрігі ескі, әбден тозған. Оны жамап, жаңадан көрік істеп алдым. Техника бұйымдарын жасаймын. Ертең көктемде жұмыс қызады. Қыстай жеке адамдардың кетпен, атқа қазық, ауыздық, мұз оятын сүймен темір бұйымдарын жасап жүрмін", – деді ұста Талғат Ыдырысов.

Темірді қыздырып, қалаған қалпыңа келтіру қып-қызыл машақат. Ол үшін от үрлегіштің бабын білу маңызды. Көріктің көлемі үлкейген сайын, оның көмейінен оттыққа берілетін ауа қысымы да жоғарылайды. Тиісінше темірді де тез қыздырады. Ұқыпты ұста бұл құралды 30 жылдан бері пайдаланып келеді. Қолынан келмейтін ісі жоқ. Шаруашылықтың барлық жұмысына атсалысады. Қосалқы бөлшектерді құрастырып, ескі техникаларды жарау аттай жаратып жүр. Түрлі тұрмыстық заттары тұтас ауылдың кәдесіне жарап тұр.

"Темірді қызған кезде соқ" дейді ғой. Оны ыстық кезде ұрмасаң, айтқанға көнбейді. Бұл дайын. Суғару үшін де керек температураға келтіру қажет. Темір аз қызса, оның суға салған кезде қаттылығы да аз болады. Өте көп болып кетсе де, сынып қалады", – деді Талғат Ыдырысов.

Технология түрленген тұста ауыр жұмыстан ажырамаған азаматтың мақсаты –бабалар жолын бүгінгі буынның біліп өсуі. Елуді еңсерген шебердің ізденісі жоғары. Ғаламтор әлеміне еніп, өзі секілді ұсталардың үлгілерін өз қиялымен жаңаша сипатта әзірлеуге ден қойған. Көп сөзге жоқ, есесіне, еңбегі сайрап тұр. Енді ол өмірлік тәлімін жастарға үйретсем деген ниетте.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысынан

Оқи отырыңыз: Шерзат Полаттың өліміне қатысты тың мәліметтер жария етілді