Қызылордағы ЖЭО қашан қолданысқа беріледі

Бұл – елімізде шетелдік инвестор жеке қаржыға салып жатқан алғашқы жылу электр орталығы

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қызылорда облысында жаңадан салынып жатқан жылу электр орталығы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Жаңа жобаның құны - 215 миллиард теңге. Бұл – елімізде шетелдік инвестор жеке қаржыға салып жатқан алғашқы жылу электр орталығы деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазір қызылордалықтарға қызмет етіп тұрған қолданыстағы жылу электр орталығы 60 жыл бұрын салынған. Мамандар «стратегиялық нысанның 80 пайызы тозған» дейді. Қаусаған құрылғыларды бір маусымда бірнеше рет жөндеуге тура келеді. Соған қарамастан, қазандықтар ақаусыз жұмыс істеп тұр.

"Негізгі және қосалқы құрылғылардың бәрінің тозығы жеткен, 80 пайыздан астам жарамсыз. Бірақ жылда жылу маусымы аяқталысымен үлкен жөндеу жүргізіледі. Сол шаралардың арқасында әр маусымнан аман өтіп келеміз", – деді  «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК бас инженері Наурыз Сатханов.

Жылу маусымы жақындағанда тұрғындардың да уайымы күшейеді. Өйткені ескі жылу электр орталығынан ақау шықса, «Қақаған қыста жылу мен жарықтан қатар қағыламыз ба» деген қауіп те бар. Мәселен кәсіпорынға қосылған 2 мыңға жуық нысанның 800-ден астамы көпқабатты тұрғын үй.

Тұрғындар пікірі:

"ТЭЦ-тің жағдайы өте қиын. Облыс әкімдігі соның болашағын ойлап, жаңартуға бет бұрды. Біз осыны қолдадық. Шынымен қазір жүзеге аса бастады"

"Жел болған күні үй салқындап кетеді. Енді жылу орталығы салынса, мәселе шешіледі деп ойлаймын"

"Қала кеңейіп, көптеген нысандар салынып жатыр. Жақсы болады деп ойлаймын"

"Ескіден жылу болмайды ғой, қанша дегенмен тозады. Жаңаның аты жаңа, жаңасы берілгені дұрыс"

Жаңа жылу электр орталығы 2023 жылы басталды. Бүгінде құрылысқа 600-ге жуық маман мен 60-тан астам техника жұмылдырылған. Орталық түгелдей түркиялық инвестордың қаржысына салынуда. Негізгі жұмыстың 70 пайызы аяқталған. Жаңа нысан іске қосылса, Сыр өңірі жылу мен электр энергиясына тәуелділіктен арылады.

"Жаңа жылу электр орталығының қуаттылығы 240 мВт электр энергиясын және 277 гКк жылу энергиясын шығарады. Жаңа орталық Қызылорда қаласын толығымен жылу энергиясымен қамтиды және Қызылорда облысын толығымен электр энергиясымен қамтимыз. Қазір облыста жалпы электр энергиясын тұтыну көлемі 200 мгв құрайды, қалған 40 мгв-ты сыртқа сатуға немесе облыстағы өндірісті дамытуға мүмкіндік аламыз". – деді облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Медет Усаин

Қала үшін маңызды нысанды алғашқы сынақтан өткізу жұмыстары маусымда басталмақ. Бұл есті алған ескі нысанға елеңдеген ел жұрттың көңілін сейілтіп отыр.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылордан

Оқи отырыңыз: Жұмысшылар жылы: Шымкентте 200-ге жуық жан жұмыссыз қала ма

Новости партнеров