Лифтіде және басқа да қоғамдық орындарда қалай сақтану керек – маман кеңесі

Arisa Chattasa / Unsplash
Arisa Chattasa / Unsplash

Мақсат – қорқыту емес, саналы түрде абай болуға үйрету

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шизофренияға шалдыққан жасөспірім, әсіресе құлағында галлюцинация болса, түрлі бұйрық естуі мүмкін. Гештальт-психолог Лейла Мирас психикасы дертке шалдыққан, яғни қауіпті болуы мүмкін адамды қалай байқап, қалай сақтану керектігі туралы кеңес берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпартқа сілтеме жасап.

Nazarbayev University Психологиялық кеңес беру орталығының директоры қызметін атқарған, жер сілкінісі кезіндегі көмегі үшін 2023 жылы Аланияның (Түркия) жыл әйелі атанған, 150-ден астам жасөспірімді суицидтен құтқарып қалған, 12 жылдық жұмыс тәжірибесі бар маманданған гештальт-психолог Лейла Мирас жасөспірімнің мұндай қылмысқа баруына психикалық ауыр ауытқулар (шизофрения, психоз және т.б.), әлеуметтік оқшаулану, бақылау мен тәлім-тәрбиенің жоқтығы сынды көптеген жайттың себеп болуы мүмкін екендігін айтады.

- Айталық, шизофренияға шалдыққан жасөспірім, әсіресе құлағында галлюцинация болса, түрлі бұйрық естуі мүмкін. Көбінесе бұл өктем дауыс және ол кейде жасөспірімге өзіне немесе айналасындағыларға қауіпті нәрсе жасауға бұйрық бере алады. Бұл - дәрігерлердің назарын және жақындарының қолдауын қажет ететін ең алаңдатарлық белгілердің бірі, - дейді.

Ол өзінің тәжірибесінде де «тұр», «қолыңа пышақ ал» деген сынды өктем бұйрықтарды естігенін айтқан жасөспірімдердің болғанын еске алады.

- Шизофрения диагнозы қойылған, бірақ қоғамға мүлдем қауіп төндірмейтін жасөспірімдер де кездесті. Олар өзгелерге қауіп төндіруге бұйрық беретін өктем дауыс естімейді немесе визуалды галлюцинация көрмейді. Мұндай балалармен жұмыс алгоритмі - жедел кеңес және психикалық денсаулық медициналық орталығы психиатрларының бақылауы. Бұл - психологтердің құзіреті емес, психиатрлардың жұмысы, - деді Лейла Мирас.

Осы орайда гештальт-психолог лифтіде немесе өзге де қоғамдық орында ниеті жат қаскүнемді мынадай белгілерден анықтауға болатындығын алға тартады:

  • Бейқалыпты мінез-құлық – адам өзін тым табанды, өзгені ығыр қылатындай немесе озбыр ұстайды.
  • Жақындауға тырысу – егер келесі лифтіні күтуге мүмкіндігі бола тұра сізбен бірге қасақана қабаттаса кірсе абай болыңыз.
  • Байланыстан қашу немесе керісінше тым тесіле қарау – күдік келтіретін мұндай мінез-құлық жасырын да, керексіз де назарды білдіруі мүмкін.
  • Есікті жабуға әрекеттену – адам есіктің алдына тұрып алуы немесе тым жақындауы ықтимал.

- Егер бөгде адам күдікті көрінсе, онда лифтіге кірмегеніңіз абзал. Ал лифтіде болсаңыз, таяу қабаттардың бірінен түсуге, телефонмен қоңырау шалуға, төңірегіңіздегілердің назарын аударуға тырысыңыз, - деді психолог.

Сонымен қатар Лейла Мирас лифтіде балалардың қауіпсіздігі үшін мынадай қарапайым кеңес береді:

  • Қауіпсіздігіңе сенімді болмасаң, лифтіге кірмеген абзал. Келесі лифтіні күткен жөн.
  • Егер лифтіге күдікті адам кірсе, шығып кеткен дұрыс. «Қап, кілтімді ұмытып кетіппін» деген сынды сылтау айтуға болады.
  • Лифт шақыру түймешегі мен есікке жақын тұру керек. Төтенше жағдай болса, «диспетчерді шақыру» немесе барлық этажға апаратын түймешікті басу қажет.
  • Ұялы телефоныңды әр уақытта да қалтаңда ұста. Егер қауіпті сезсең, бірден ата-анаңа қоңырау шалған жөн.
  • Егер лифтіге бірге кірген адам өзін біртүрлі ұстаса, онда көмек шақыр. «Әке, мен келе жатырмын» деп дауыстап айтудан да қысылмау керек.

- «Бейтаныс адаммен бірге лифтіге кірме» деп айту дұрыс. Бірақ, баланың бойындағы қорқынышты ушықтырмау маңызды. Дұрысы - қауіпсіздік ережелерін түсіндіру. «Сені өлтіріп кетуі мүмкін» деген сынды сөз баланың психикасына зиянын тигізіп, қорқыныш сезімін тудырады, - деді Лейла Мирас.

Балаңызды кез келген жайттан үрейленуге үйретпеңіз. Сондықтан маманның балаңызға кеңес берерде не деп айтуға болатындығына және болмайтындығына қатысты пайымына көз жүгірткеніңіз абзал.

- Мақсат – қорқыту емес, саналы түрде абай болуға үйрету, - деді гештальт-психолог.

Шизофренияға шалдыққандар қоғамға қауіпті ме?

Лейла Мирас көктем мен күз айларында шизофренияны қоса алғанда түрлі психологиялық ауытқуға шалдыққан адамдардың көңіл күйі мен психикалық мінез-құлқында маусымдық өзгерістер болатынын айтады. Бұл биоырғақ, гормоналдық фон деңгейі сынды көптеген факторға байланысты. Бірақ, бұл маусымдарда ауру міндетті түрде қозбайды. Ол - пациенттің жеке ерекшеліктеріне байланысты болатын жайт.

- Көп жағдайда шизофренияға шалдыққан адам қауіпті емес. Шизофрениктер қоршаған ортадан бұрын өз-өзіне жиі қауіп төндіреді. Егер ауру ауыр өтетін болса, онда қауіпті мінез-құлық тәуекелі артады. Ем-шара алмаса озбырлық танытуы ықтиал. Алайда, жалпы шизофренияға шалдыққан адамдар дені сау озбыр адамдарға қарағанда қылмысты сирек жасайды. Тәуекелдің басты факторы – ем-шараның болмауы. Егер адам дәрі-дәрмегін уақтылы қабылдап, дәрігердің қадағалауында болса, онда ол өзіне де, қоршаған ортаға да қауіп төндірмей толыққанды өмір сүре алады. Кейбір психикалық жайт шынайы жағдайды қабылдауды бұрмалауы мүмкін. Бірақ, диагнозының болуы адамды қылмыскер қылып көрсетпейтіндігін түсіну маңызды. Басты мәселе – оның ем мен мамандар көмегін алуында. Әрбір жағдай жеке сараптаманы талап етеді, - деді маман.

Шизофрения қай жаста пайда болады?

Лейла Мирастың айтуынша, шизофрения диагнозы кез келген жаста қойылуы мүмкін. Алайда, ол көбіне бозбала немесе жастық шақта байқалады.

  • Балалар шизофрениясы (13 жасқа дейін) – өте сирек кездесетін құбылыс. Белгілері аутистикалық спектор шалдығын еске салады. Сондықтан да диагноз өте сақтықпен қойылады.
  • Жасөспірімдер шизофрениясы (13-18 жас) – балалар шизофрениясына қарағанда жиі, бірақ ересектерге қарағанда сирек кездеседі. Симптомдары бұлыңғыр, сол себепті диагностика жасау қиын.
  • Ересектер шизофрениясы (18 жастан кейін) – ауру басталуының әдеттегі жасы.

- Дәрігерлер диагноз қою үшін симптомдардың болуын (галлюцинация, сандырақ, ойлаудың бұзылуы, эмоционалды өзгерістер) ғана емес, сонымен қатар олардың ұзақтығын (кем дегенде 6 ай) және күнделікті өмірге әсерін бағалайды. Егер жасөспірімде мазасыздық белгілері байқалса, маманға мүмкіндігінше ертерек бару керек. Өйткені ерте диагноз қою және емдеу болжамды едәуір жақсарта алады, - деді Лейла Мирас.

Оқи отырыңыз: Лифтіде балаға шабуыл жасаған жасөспірімнің қазір қайда екені белгілі болды

Новости партнеров