Әлімжеттік құрбаны: Маңғыстауда оқушы көз жұмды

15.04.2025 18:30

Тұрғындар аядай ғана ауылда балалардың зәре-құтын алған сотқарлар қатаң жазаланғанын қалайды

Маңғыстаудағы Ақжігіт ауылында 11-сыныптың оқушысы әлімжеттіктің құрбаны болды. Бауыр еті баласынан айырылған ата-ана кінәлілер тиісті жазасын алғанын талап етуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сағындық Құрманиязұлы – отбасындағы жалғыз ұл. Ауылдағы ағайын қайғыдан қан жұтқан жанұяға көңіл білдіруге келіп жатыр. Жүрегі қарс айырылып, баласының артында еңіреп қалған ана қылмыскерлер ұлын әдейі өлтіргенін айтты.

 «Сағат 10:30-да «балам қайдасың?» деп хабарласқанда, «бармын мама, демала бер» деді. Жүрегім аузыма тығылып, қан құсып, ояндым. Балама бірнәрсе болғанын сездім. Көзім ілініп кеткен екен. Баламды сұлатып, жедел-жәрдеммен алып келді. «Жүрек тоқтап қалды» дейді. Қалай? жүректен кетеді. Сап-сау, биыл, тіпті тұмаумен ауырмаған. Келесі күні жүрегі жарылып кеткеннін білдік», – деді марқұмның анасы Айтбике Дербесова.

Сағындықтың әкесі де баласын соққыға жығып, артынша өлімше етіп сабағандарды өмірінің соңына дейін бас бостандығынан шектеуді талап етеді. Ал марқұмның сынып жетекшісі оның тәртіпті, сыныптастарына мейірбан әрі спортқа бейім бала болғанын айтты.

 «Шаруаға келмеді, телефон алмады, тыңдамады» дегендей үлкендігін білдіріп жүр. Кеуде тұсымнан бір рет ұрды. Орнымнан қозғалып ем, «неге қозғаласың?» деп балағаттады. Екінші рет кеудемнен ұрғанда, есеңгіреп қалдым. Сағындықты  жүрек тұсынан ұрғанда, бірден қырылдады да, кетіп қалды», – деді марқұмның досы.

Ауыл тұрғындары бұзақылардың барынан хабардар. Көпшіліктің сөзіне сенсек, 20-21 жастағы жігіттер елдімекендегі оқушы балаларды өздері құрған ұйымға қосып, құлша жұмсаған. Тұрғындар аядай ғана ауылда балалардың зәре-құтын алған сотқарлар қатаң жазаланғанын қалайды.

«Ата-ана болсам да баламның жәбірленіп, таяқ жеп, қорқып, біреудің қорасын тазалап жүргенін білмедім. Әкесі ұрып-соққаннан кейін, шындықты айтты.  8-сыныптан бастап ұйымға кіреді екен. Ақжігіт ауылының ата-аналарының атынан істің әділ шешілуін сұраймыз», – деді Ақжігіт ауылының тұрғыны Ырыс Әбілқасова

Іс бойынша полицейлер Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 3-бөлігі, яғни «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соғу» дерегі бойынша іс қозғаған. Полиция департаменті тергеу жүргізіліп жатқанын, басты күдіктінің уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады. Ал аудан прокуроры Ақжігіт ауылында мұндай қылмыс бұрын-соңды болмаған дегенді алға тартады.

 «Осы қылмысқа қатысы бар күдікті тұлға ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына сәйкес ұсталды. Тергеу органымен сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу барысы облыс прокурорының бақылауында», – деді Бейнеу ауданының прокуроры Смағұл Хасниязов.

Айта кетейік, Сағындық Құрманиязұлының туыстары «басты күдіктінің үй-ішімен жақынымыздай араласқан едік» дейді. Ал арманы асқақ Сағындықтың өмірден өткеніне алты күн өтсе де, елдімекенде тыныштық жоқ. Тұрғындар «оқушының өлімі болмағанда, алақандай ауылда ұйымдасқан топ барын білмес те едік» деп отыр.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз: Алматыда кісі өлімімен аяқталған жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды