Ведомство басшысы медициналық сақтандыру туралы жаңа заң қабылданғалы жатқанын айтты
Қазақстанда денсаулық сақтау саласына қыруар қаржы бөлініп жатқанымен, халықтың медициналық қызметке көңілі толмайды. Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева соңғы 3 жылда аталған салаға жұмсалатын ақша шамамен 3 есеге өскенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Соған қарамастан, емделушілердің 47 пайызы ғана емдік шараға қанағаттанады. Мәжіліс қабырғасында өткен Үкімет сағатында Дания Еспаева елдегі медициналық ұйымдарда фокус науқасқа емес, табысқа ауысып кеткенін айтты.
МӘМС-тің кемшін тұстары мәжіліс қабырғасында айтылды. Депутат Асхат Аймағамбетов «бұл жүйенің қазіргі моделі медицинаны халыққа қолжетімсіз етіп, шығынды көбейтіп, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкеп отыр» дейді. Мәжілісменнің сөзіне сенсек, МӘМС бойынша 5 айлық баланың тісін қанқұрттан емделген. Тағы бір адамның 82 тісіне ем-дом жасалған. Бұдан бөлек бір күнде бір адамға бір аурухана 32 қызмет көрсеткен. «Жүйедегі ақша оңды-солды шашылып жатыр» деген депутат сақтандыру базасында нормативтер мен цифрландыру жоқ екенін айтты. Оның үстіне жалған есеп беру көбейген.
"Тағы бір дәлел, бұрын остеохондрозды рентгенсіз де анықтайтын. Кейін рентген қолданыла басталды. Жарайды, дұрыс. Ал енді қазір остеохондрозды анықтау үшін бір науқасқа рентген, одан кейін КТ, сосын МРТ және басқа да қосымша тексерулер тағайындалады. Бұның бәрі ақша табудың "заңды" жолы. Себебі айтпаса да түсінікті. Неғұрлым көп қызмет көрсетілсе, клиника соғұрлым көп пайда табады", – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.
Депутат Ерлан Сайыров екі жерде жұмыс істеп, медициналық сақтандыруға екі жерден жарна төлеп жатқандар туралы сөз қозғады. «Артық салынған ақшаны қайтарып алу мүмкіндігін қарастыру керек» дейді мәжілісмен. Оның айтуынша, қорға ақша салып жатқан азаматтар қаражатын ашық дерек көзінен қарап отыруы керек.
"МӘМС жүйесі ашық болуы керек. Екіншіден, азаматтар өзінің жарнасының қалай толып жатқанын көруі керек. Бір жылда ешқандай қызмет алмаса, онда келесі жылы сол қаржыға қызмет алуға құқылы болуы керек. Бұл – бүгінгі таңдағы әлеуметтік әділеттіліктің принциптері", – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова депутаттар тарапынан айтылған сындарға жауап бере келе, МӘМС жүйесін жетілдіру шараларын атап өтті. Ведомство басшысы медициналық сақтандыру туралы жаңа заң қабылданғалы жатқанын айтты. Министрдің айтуынша, қызметтердің қайталануын болдырмау - азаматтардың әлеуметтік мәртебесін есепке алу және сақтандыру мәртебесіне қарамастан, базалық көмекке кепілдік беру үшін бірыңғай пакеттер пайда болмақ. Сонымен қатар 2026 жылдан бастап негізгі міндеттемелерді тегін медициналық көмек көлемі пакетінен сақтандыру жүйесіне ауыстырып, кезең-кезеңімен біріктіру жоспарлануда.
"Тегін медициналық көмек көлемі пакетінде әлеуметтік маңызы бар ауруларға күдік жағдайындағы көмек 2-ден 8-ге дейін ұлғайтылып, сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін көрсетілетін болады. Биыл сақтандырылмаған азаматтардың онкоскринингтен тегін өтуге мүмкіндігі бар. Бұл жерде мәжіліс депутаттарына алғысымды айтқым келеді. Сіздердің бастамаларыңызбен тиісті шаралар қарқынды жүріп жатыр", – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Министрдің айтуынша, бұл заң жобасы азаматтардың қалта шығындарын едәуір төмендетуге және олардың қаржылық қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ заң арқылы медициналық қызмет сапасын одан ары арттыру көзделіп отыр. Құжат ақпанның соңында Парламент қарауына беріледі. Денсаулық сақтау министрі дәрігерлерге жұдырық ала жүгіретіндерге қатысты қылмыстық іс қозғауды ұсынып отыр. Бұл өзгерісті бас прокуратура қолдаған. Енді мәжіліс депутаттарының тарапынан құптау болса, Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізіледі.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана