Мәншүк маршы: сыр өңірінде екі мыңға жуық қыз әскери-патриоттық шеруге қатысты

24.04.2025 18:59

Форум аясында бұрымдылар «Мерген ару» сайысында бақ сынамақ 

Сыр өңірінде Жеңістің 80 жылдығына орай, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың есімін ардақтауға арналған республикалық форум басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Дәстүрлі «Мәншүк маршына» екі мыңға жуық жас қатысады. Еліміздің 11 педагогикалық колледжінен келген студент қыздар әскери-патриоттық шеруге шығып, қазақтың қайсар қызының рухына тағзым етті. Салтанатты шеруден кейін жиналғандар екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан Мәншүк Мәметованың ескерткішіне гүл шоғын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды. Айта кетейік, патриоттық форум екі күн бойы тағылымды іс-шараларға жалғасатын болады. Форум аясында пленарлық мәжіліс өтсе, кейіннен бұрымдылар «Мерген ару» сайысында бақ сынамақ. 

 «Мәншүк Мәметованың маршына қатысу – біз үшін мәртебе, мақтаныш! Ол –  ұрпаққа өнеге қалдырып кеткен тұлға!. Біз әрқашанда даңқты етеміз, әрқашанда қолдаймыз», – деді студент Назерке Русланқызы.

Оқи отырыңыз: Жеңіс-80: Қонаевта соғыс ардагеріне 5 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді