Мәжіліс зияткерлік меншікті дамытуға жағдай жасайтын құжатты мақұлдады

23.04.2025 12:00

Заң жобасы зияткерлік меншікті қорғау бойынша қосымша құқықтық тәсілдерді енгізу арқылы зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған

Scott Graham/unsplash.com/

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Заң жобасы зияткерлік меншікті қорғау бойынша қосымша құқықтық тәсілдерді енгізу арқылы зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Түзетулер екі кодекске және бес салалық заңға енгізіледі

"Түзетулердің негізгі бағыттарына тоқталсақ, хабар тарату ұйымдарының құқықтарын нақтылау ескерілген. Авторлық құқық туралы заңды Рим конвенциясының ережелеріне сәйкестендіру үшін хабар тарату ұйымының айрықша құқықтары мен авторлық және сабақтас құқықтарды бұзу тізбесінде нақтылау енгізіледі (40, 48-баптар). Екіншіден, заңды (авторлық құқық туралы) Марракеш шартына сәйкестендіру үшін еркін, яғни жария етілген туындыларды шартсыз пайдалану енгізіледі. Автордың немесе құқық иесінің келісімінсіз туындыларды Брайль шрифтімен немесе көру қабілеті шектеулі адамдарға туындыларға қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін басқа да тәсілдермен жаңғыртуға (тарату, жалпыға бірдей назарға жеткізу, жария көрсету құқығы) рұқсат етіледі", — деді Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев.

Бұдан бөлек, заң жобасы аясында өтінім берушінің өтініші бойынша тауар белгілеріне жедел сараптама енгізу ұсынылды. Қазір тауар белгілеріне өтінімдер бойынша сараптама мерзімі өтінім берген күннен бастап жеті айды құрайды, бұл мерзімді қысқарту мүмкіндігі жоқ. Жедел сараптама тауар белгілерін құқықтық қорғауды үш ай ішінде (жеті айдың орнына) алуға мүмкіндік береді, бұл әсіресе жоғары бәсекелестік кезінде, оның ішінде электрондық коммерцияда жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілері үшін өзекті.

"Бұдан бөлек, тауар белгілері иелерінің немесе мүдделі тұлғалардың құқықтарын қорғау үшін тауар белгісі ретінде тіркеуге мәлімделген белгілерге қарсылықтарды жіберу мерзімін бір айдан екі айға ұзарту ұсынылды. Қарсылықтарды беруге қосымша уақыт тауар белгілеріне өтінімдерді қараудың әкімшілік тетігінің тиімділігін арттырады, сондай-ақ соттағы және сотқа дейінгі шағымдар санын азайтады", — деді министр.

Сондай-ақ ол Патент заңына формальді сараптама жүргізу кезінде іс жүргізуді тоқтатуға қатысты түзетулер енгізілетінін айтты. 

"Егер формальді сараптама жүргізу барысында мәлімделген ұсыныс өнертабыс ретінде танылмайтын шешімдер қатарына жатса, онда патент беруден бас тарту туралы шешім қабылданады, ол туралы өтініш берушіге бес жұмыс күні ішінде хабарланатын болады. Мұнымен қоса, патенттік сенім білдірілген өкілдердің қызмет сапасын қамтамасыз етуде олардың қызметін дараландыру құралдары мен патенттеу объектілеріне қатысты саралау енгізу ұсынылады. Бұл тәсіл ұлттық реттеуді халықаралық практикамен үйлестіруге ықпал етеді. Өтініш берушілер мен шетел азаматтарының Қазақстан Республикасының патенттік сенім білдірілген өкілдер институтына деген сенімін нығайтады. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде инвестициялық ахуалды және бизнесті жүргізу үшін жағдайларды жақсарту бойынша жұмыстың маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау және сақтау елдің инвестициялық тартымдылығына тікелей әсер етеді. Зияткерлік меншік саласын дамыту креативті экономикаға және тұрақты инновациялық өсуге көшудің негізгі факторларының бірі ретінде қарастырылады", — деді ведомство басшысы.

Оқи отырыңыз: Қазақстандағы тасжолдарда өзгеріс болады