Максим Рожин: Ассамблея – заң тұрғысынан азаматтардың өміріне өзгеріс әкелетін ұйым

Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ынтымақ-бірлік, диалог, өзара сенім мен құрмет, азаматтық жауапкершілік — Қазақстанның қарқынды дамуындағы мызғымас қағидаттары екенін еске салды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшсі.

Мемлекет басшысының айтуынша, 30 жылда Қазақстан халқы Ассамблеясы – этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт бола алды. Соның арқасында елімізде бейбітшілік пен келісімнің қайталанбас үлгісі қалыптасты.

«Басқосудың тарихи мән-маңызы айрықша. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Баршаңызға құтты болсын! Бұл –Қазақстан үшін айтулы оқиға. Осы уақыт ішінде Ассамблея қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналды», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы жылдар ішінде Ассамблея үлкен өзгеріске ұшырап, қызметі жаңа сипатқа ие болды. Мәселен, Сенаттың бес депутатын Ассамблея ұсынысы бойынша Президент тағайындайды. Бұл қадам заңнамалық деңгейде барлық этностың мүддесін қорғау мүмкіндігін едәуір арттыра түсті.

«Қоғам болғаннан кейін түрлі пікір бар. Әртүрлі әңгіме айтып жатады. Соған қарамастан, Ассамблеяның рөлі өте жоғары екенін айтқым келеді. Себебі Президент бес Ассамблея мүшесін Сенат депутаты ретінде тағайындап шықты. Сенатта жүрген бес азаматтың еңбегін, жұмыстарын зерделеу арқылы олардың атқарып жатқан жұмыстары өте қомақты деп нақты айта алмамын», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев

Қазақстан парламентаризмі тарихында алғаш рет «бір ел — бір мүдде» атты палатааралық депутаттар тобы құрылды. Олар халықаралық, этносаралық қатынасқа қатысты қандай да бір заң нормалары болса, міндетті түрде араласып, қоғамдық келісімді нығайту жұмыстарымен айналысады.

 «Ассамблея – заң тұрғысынан азаматтардың өміріне өзгеріс әкелетін ұйым. Сондықтан Парламентте «бір ел – бір мүдде» деген депутаттық топ құрылған. Басқа елдерді кеңес түрінде, бәлкім комитет түрінде этникалық саясат жүргізетін құрылымдар бар. Бірақ ассамблея сияқты Парламентте өзінің жұмысын жүргізіп жатқан ұйымдар жоқ», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Максим Рожин.

Сессия барысында Президент бірқатар маңызды міндеттерге де тоқталды. Алдымен Ассамблеяның аймақтардағы жұмысын жандандырып, халық тығыз қоныстанған Алматы облысында «Достық» үйін салу қажет екенін айтты. Өзге қалалар мен аудан орталықтарында да қолға алынса, қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ елдегі түрлі ұлт өкілінің тілінде шығатын бұқаралық ақпарат құралдарына қолдау көрсетіп, мәдени мұраларын дәріптеп, этностар театр өнерінің фестивалін өткізу туралы бастама көтерді.

 «Президентіміздің аузынан әрбір шыққан сөз Қазақстан халық ассамблеясының әрбір мүшесіне, Қазақстан халқына жолданған Жолдаудың тағы да бірі деп қабылдаймыз. Оны атқаруға тиіспіз деп есептейміз. Бірлігі бар елде ғана тірліктің бар екендігін уақыттың өзі дәлелдеді, көрсетті. 30 жылдың ішінде біз не істей алдық? Қазақстан халық ассамблеясы – нақты мақсатына жеткен, айқындаған қоғамдық институт», – деді Қарағанды облысы ҚХА мүшесі Бекзат Алтынбеков.

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев халықтар арасындағы бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сiңiрген еңбегi үшiн бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады.

«Ескіліктің ізіне қайта түспеу үшін барлық жетістіктеріміз бен сәтсіздіктерімізді зерделеу қажет. Ол үшін алдымен Ассамблея қызметінің мәні мен мазмұнын қайта қарау керек» – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея мемлекеттің этносаралық саладағы барлық жұмысына бағыт беретін стратегиялық штабқа айналуы тиіс деп ойын түйді. Ұйымның алда атқарар шаруасы көп.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Орыс тілінде ойланатын адамдар үшін қазақ тілін үйрететін методика дайындадық - Владислав Тен

Новости партнеров