Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты «Каспий» су тұщыту зауытына 158 миллион теңге қарыз
Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты «Каспий» су тұщыту зауытына 158 миллион теңге қарыз. Екі кәсіпорын аймақтағы ірі ауыз су өндіруші компания саналады, деп хабарлайды Almaty.tv.
МАЭК 2024 жылдың маусымында ақтаулықтарға су жеткізе алмай «Каспий» су тұщыту зауытынан көмек сұраған. Аталған кәсіпорын бір текше метр суды шамамен 450 теңгеге беруге келіседі. Осылайша зауыт МАЭК-ке қазанда 65 миллион теңге көлемінде 143 мың 710 текше метр және қараша айында 97 млн теңгеге 216 мың текше метр су берген. Ал Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты үш миллион теңге шамасында ішінара ғана төлем жасап, қалғанын қайтармаған.
"Аталған азаматтық істі қарау барысында тараптар даулы жағдайдың барлық құжаттарымен расталатын және де дауды татуластыру жолымен шешу мақсатында бітімгершілік келісімге келіп 2025 жылы 5 қаңтар сот ұйғарымымен бекітілді. Аталған ұйғарым бойынша борышкер яғни МАЭК кәсіпорны талап қоюшы «Каспий» су тұщыту зауытына 158 млн теңге көлемінде қаражатты бөліп төлеуге келіскен", – деді Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Арыстанбек Бекболатов.
Қарыз дауы сотта медиативтік келісіммен аяқталған. Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты талапты толық мойындап, зауыттың пайдасына берешек сомасын өтеуге міндеттелді. Шешім заңды күшіне енген.
Оқи отырыңыз: Наурызда 1000 теңгелік жаңа банкнот айналымға шығады