Қылмыстық топ бас-аяғы 77 миллион теңгеден аса табыс тапқан
Маңғыстау облысында компьютерлік залдың атын жамылып, құмар ойын бизнесін ұйымдастырғандар сотталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, күдіктілер заңсыз іспен 2022-2023 жылдар аралығында айналысқан. Олар қатысушылар тіккен ақшаны банк аударымдары арқылы қабылдап, азаматтарды арнайы платформада тіркеген. Кейін ойынға қатысу үшін логин, пароль мен сілтеме жіберген. Қылмыстық топ бас-аяғы 77 миллион теңгеден аса табыс тапқан. Қыруар қаражатқа "Toyota Land Cruiser" мен "Mersedes-Benz 320" маркалы 2 автокөлік сатып алынғаны белгілі болды.
"Сот үкімімен олар "заңсыз құмар ойын бизнесін ұйымдастыру" және "ұйымдасқан қылмыстық топ құру, басқару және оларға қатысу" бойынша кінәлі деп танылып, 5-тен 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық жолмен алынған автокөліктер мемлекет пайдасына тәркіленді", – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.
Оқи отырыңыз: Сапасыз курс: талдықорғандық коуч сотта жеңілді