Генетиктердің айтуынша, Даун синдромы тұқым қуалайтын ауру емес және жасқа да қарамайды
Маңғыстауда былтыр 35 балаға даун синдромы диагнозы қойылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ақтаулық Орынбибі Сопиеваның алтыншы баласына аяғы ауыр. Алдыңғыларының дені сау. Алайда дәрігерлер оған инвазивті тексеруден өтуге кеңес берген.
"Алтыншы балам, 16 аптадан өтті. Күдікпен жүру қиын. Сондықтан ертерек тексерілуге келдім", – деді қала тұрғыны Орынбибі Сопиева.
Гүлмира Мұсаева да қауіп-қатері жоғары ауру тобына жатады. Көңілдегі күдіктен арылу үшін тексеруден өтті.
"Қобалжу басым болды. Ешқандай ауыру ештеңе болған жоқ. Бәрі кәсибі, бір минуттың ішінде бәрі бітті. Қанға қатысты күдік болды. Нәтижесі жақсы болса, баланың аман-есен дүниеге келуін күтеміз", – деді қала тұрғыны Гүлмира Мұсаева.
Аймақтың бас генетигі Нұргүл Жүсіпованың айтуынша, хромосомды аурулар оның ішінде даун синдромы инвазивті диагностика арқылы ғана анықталады. Бірақ әйелдердің көбі бұл зерттеуден бас тартады. Былтыр аймақта 420 жүкті әйел жоғарғы қауіп-қатер тобына енгізіліп, инвазиялық тексеруге жіберілген. Соның тек 250-і зерттеуден өткен. Нәтижесінде 100-ге жуық әйелдің әлі тумаған баласына даун диагнозы қойылған.
"67 келіншек жүкті кезінде арнайы зерттеуден өтіп, жүктілігі тоқтатылды. Бесеуі тексерілгеннен кейін, сол баланы қабылдаймын деп қалдырды және 35 бала туылды. Былтыр 35, биыл ә5 бала осы аурумен туылды. Статистика бойынша бұл – өте көп көрсеткіш", – деді Маңғыстау облысы Перинаталдық орталықтың медико-генетикалық бөлімінің меңгерушісі Нұргүл Жүсіпова.
Ал көпбалалы ана Фариза Аспамбетова 2008 тұңғышына жүкті кезінде, ешқандай генетикалық тексерудің болмағанын айтады. Ұлының денсаулығындағы кінаратты туғанда бір-ақ білген. Бүгінде баласын қоғамға қосу үшін бар күшін салып жүр. Ал одан кейінгі ұл-қыздарының дені сау.
"Аналарда тексеріс өте көп. Ол жақсы деп ойлаймын. Жастарға айтарым, дәрігер жіберді ме, тыңдау керек. Болашақ ұрпақтың дені сау болуына септігін тигізеді деп ойлаймын", – деді Мұнайлы ауданының тұрғыны Фариза Аспамбетова.
Генетиктердің айтуынша, Даун синдромы тұқым қуалайтын ауру емес және жасқа да қарамайды. Яғни аяқ астынан болатын мутация. Сондықтан жүкті кезде күдік туындаса, тексерілу аса маңызды.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан
Оқи отырыңыз: