Маңғыстаулық шаруалар қайтадан субсидия ала бастады

30.01.2025 20:18

Басқарма басшысының айтуынша, жем-шөпке көмек 2028 жылға дейін берілуі мүмкін

Маңғыстаулық шаруалар төрт түліктің жем-шөбіне қайтадан субсидия ала бастады. Қуаңшылық жылдары беріліп келген мемлекеттік көмек былтыр тоқтап қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сайөтес ауылының тұрғыны Мырзатай Қойшыбаев 40 жылға жуық мал шаруашылығымен айналысады. Бүгінде "Адай" жылқысына қоса, сиыр және түйе бағады. Шаруашылықтың жұмысы заманауи технологиялардың көмегімен жеңілдетілген. Мәселен электр энергиясы күн сәулесінен алынады. Ол үшін бірнеше жерге күн батареялары қойылыпты. Тіпті малды суару үшін автоматтандырылған қондырғы іске қосылған. Шаруаның айтуынша, Маңғыстауда мемлекеттің көмегінсіз мал шаруашылығын дамыту мүмкін. Себебі шөлейтті аймақта су тапшы, құдық қазу қиын. Үкіметтен осы күнге дейін де көп көмек алған ол мемлекеттен 4 миллионға жақын қолдау қаржы алған.

"Бәрін қамтамасыз етеді деп айта алмаймын,  бірақ бізге үлкен көмек болды. Оның қайтарымы болу керек қой, мал басын өсіріп жатырмыз", – деді шаруа қожалығының иесі Мырзатай Қойшыбаев.

Аймақта қуаңшылыққа байланысты төрт-түліктің аналық басына берілген қаражат былтыр тоқтатылған. Алайда облысқа жем 100 пайыз, шөп 85 пайыз сырттан тасымалданатыны ескеріліп, желтоқсанда қайтадан субсидия беріле бастады. Сол кезде 400-ге жуық шаруаға 715 млн теңге төленген. Ал үлгермегендерге былтырғы және биылғы көмек беріледі.

"Қазіргі таңда күту парағында тұрған тағы да мыңның үстінде шаруа қожалықтары бар. Оның ішінде іріктеп,  1,1 мрлд теңге ақшаны ақпанда төлейміз. Үлгермей қалғандар мамырда өтінім тапсырады, оларға да қаржы бөлінеді", – деді Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бердібек Марқабаев.

Басқарма басшысының айтуынша, жем-шөпке көмек 2028 жылға дейін берілуі мүмкін. Одан әрі субсидиядан жеңілдетілген несиеге көшу мәселесі қарастырылуда.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Маңғыстау облысынан

Оқи отырыңыз: Әбден мазаладыңдар: тұмаудан қайтыс болған оқушының өліміне кім кінәлі