Басқосуда күн тәртібінде тұрған 5 мәселе қаралды
Алматыдағы 19 мектептің есепшісі 8 жылдың ішінде 1 миллиард теңгені қолды еткен. Бұл туралы Әдеп жөніндегі кеңестің биылға жоспарланған алғашқы отырысында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Сайлаубай өз есебінде заң бұзғандарға қатысты қандай шара қолданылғанын жеткізіп, саладағы кемшіліктің орнын толтыруға бағытталған жоба жұмысын таныстырды. Алматы мектептерінде де ел қазынасынан бөлінетін қаржы цифрлық жүйелердің көмегімен бақыланады. Артық әрекет байқалса жауапты органдарға бірден белгі беріледі. Жиынға қатысқан кеңес мүшелері қаражатты жымқырғандар анықталса, білім ордаларының директорларын да қоса жауапкершілікке тарту керек екенін сөз етті. Одан бөлек, мамандар оқушыларды тамақтандыруға арналған шетелдік жобаларды шаһардағы білім ордаларына енгізудің тиімділігін талқылады. Ал басқосуда күн тәртібінде тұрған 5 мәселе қаралды.
"Бүгін әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметіне қатысты мәселелерге де көңіл бөлдік. Мемлекеттік қызметкерлер жұмыс барысында әрдайым этикалық нормаларды сақтауы қажет. Біз тәртіптің қаншалықты көп бұзылғанын қадағалап отырамыз. Соған сай, жоспар құрып, әрекет етеміз. Мәселен этикалық норманы бұзу деңгейі өткен жылғымен салыстырғанда 11 пайызға азайған", – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департамент басшысы Шынарай Әлімхан.
Оқи отырыңыз: Эко-хаб: Алматыда мобильді эко-трек құру жоспарланып отыр