Мектеп сүрілсін: Атырауда апатты деп танылған білім ордасында балалар жарақат алған

25.04.2025 19:39

Аймақта үш ауысымда білім беретін 10 мектептің төртеуі апатты деп танылған

«Мектеп сүрілсін». Осылай деп талап қойған атыраулық тұрғындар қаңырап тұрған ғимараттың қайта бой көтеруін сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Көпбалалы ана Әйгерім Темірханова «ұл-қызымды күнде жан-жаққа тасу - нағыз азап» дейді. Басқа мектепке ауысқалы оқушылардың оқу үлгерімдері де нашарлап, сабаққа деген құлшынысы жоғалған. Сондықтан балаларының болашағына алаңдаған Әйгерімдей бір топ ата-ана мәселені дереу шешуді талап етті.

«Менің бес балам оқиды. Мектеп ескерткіш сияқты түрғанына біраз болды, оны қолданысқа бергенінін қалаймыз. Балалар өзге мектепте оқиды, жәутеңдеп жүрміз», – деді ата-ана Әйгерім Темірханова.   

Қазығы 1976 жылы қаланған мектеп қаңырап бос тұр. 600 орындық оқу ордасы екі бұл бұрын апатты деп танылған. Жұрттың даурығуына да себеп жоқ емес. Өйткені бос тұрған ғимаратта бірнеше рет апат болып, балалар жарақат алған. Сондықтан көпшілік ескерткішке айналған бос мектепті бұзуды талап етті.

«2-3 жылдан бері балаларымыз қаңғып кетті. Мектепті бұзсын. Ештеңе көрінбейді. Балалар балшыққа батып, ел кезіп жүр балалар», – деді ата-ана Жұмабай Омаров

 «Бұл – 50 жыл болған қасиетті қара шаңырақ, қаланың қақ ортасындағы таза қазақ мектебі. Өлкеден белгілі атақты адамдар шыққан. Орны бөлек мектеп», – деді ата-ана Мұхамеджан Орақбай.

Ал қалалық білім бөліміндегілер апатты мектеп жақында сүріледі деп сендірді. Қазір облыстық құрылыс басқармасына ұсыныс беріліпті. Ескі нысанның орнына 300 орындық су жаңа мектеп салынбақ.

«Мемлекеттің мұқтаждығына, қажеттілікке байланысты жаңа мектеп салу жөнінде салааралық ұсыным 2023 жылы берді. Білім басқармасы мен құрылыс басқармасы айналысып жатыр. Ескісін бұзып, жаңасын салу бойынша жоба жасалып жатыр», – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова.

Айта кетейік, аймақта үш ауысымда білім беретін 10 мектеп бар. Тағы төртеуі апатты деп танылған.  Жауаптылардың айтуынша, «жайлы мектеп» жобасы аясында жыл соңына дейін 6 білім беру ұйымы пайдалануға беріледі.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Заң мен тәртіп: оқушылар уақытша ұстау изоляторын аралап көрді