2015 жылы қоныс тойын тойлаған тұрғындардың қуанышы көпке созылмады
Талдықорған қаласында мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің төбесінен су сорғалап тұр. 2015 жылы қоныс тойын тойлаған тұрғындардың қуанышы көпке созылмады. Бір жыл өтпей, баспана бүлініп, күн сайын күйі кетіп барады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
195 пәтерлі тұрғын үй кезінде жас отбасыларға берілген. Бастапқыда баспаналы болғанына қуанған олар алғашқы жаңбырдан соң «көңіліміз су сепкендей басылды» дейді. Тұрғындар қар еріп, жаңбыр жауған сайын шатырға кезекшілікке түсіп, төбеден аққан суды шелекпен сыртқа шығарып төгеді.
«Жолымыздың бәрі су болып жатыр. Есіктің алдына кіріп, шыға алмаймыз. Батпақ, үйім құлай ма деп қорқамын», – деді қала тұрғыны Шахтай Рақышева.
Мұндағылар төбеге қара қағаз төсеп, суағар қойғанмен, үйдің дәлізі көл болып жататынын, қолқаны қабатын жағымсыз иіс шығатынын айтты. Ал жоғарғы қабаттағы тұрғындар үй жөндеуден әбден мезі болған. Олардың да төбесінен су тамшылап, қысы-жазы үй іші дымқыл тартып тұратын көрінеді.
«Қардың ерігенде осылай ағып тұр. Ал жаңбыр жауғанда су қатты ағады. Жасаймыз, нәтиже жоқ, су ағып кетеді. Төрт жыл болды, мәселе шешілмейді», – деді қала тұрғыны Арман Сералы.
«Қара қағазды толық ауыстыру керек. Тұрғындарда ақша жоқ. Әкімдіктен көмек сұраймыз», – деді ПИК төрайымы Гүлнар Ақжолова.
Пәтер иелері кооперативінің есептеуінше, үйдің төбесін қайта қалпына келтіруге 6 млн теңге кетеді. Ал әкімдіктегілер мердігер компанияның кепілдік мерзімі өтіп кеткенін айтты.
«Жаңғырту бағдарламасы аясында қайтарымсыз несиеге жасата алады. Тұрғындар тарапынан 70 пайыздан астам қол жинаған жағдайда бағдарлама аясында шатырды, қасбеттеріне жөндеу жұмыстарын жүргізе алады», – деді Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Жұлдыз Иманғазинова.
Үйді ипотекаға алған тұрғындар тағы бір несие алып, шатыр жабуға келіспейді. Ал жаңбыр жауған сайын төбесінен су сорғалап, берекесі кеткен жұрт кімнен көмек сұрарын білмей дал.
Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, Жетісу облысы
Оқи отырыңыз: Алимент жыры: мүлікі мен табысын жасырған әкелердің қарызы 28 млрд теңге болды - Бас прокуратура