Полиция өкілдері жол ережесін сақтауға және заңмен бекітілген міндеттемелерді орындауға шақырады
Алматыда “Қауіпсіз жол” республикалық жедел алдын алу іс-шарасы аясында жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері шетелде тіркелген, өтелмеген әкімшілік айыппұлдары бар көліктерді анықтау және ұстау бойынша күнделікті іс-шараларды жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz -ке сілтеме жасап.
Алматы қаласында жыл басынан бері әкімшілік айыппұлдары өтелмеген 150-ге жуық көлік анықталды. Олардың қатарында 4 миллион теңгеден астам айыппұлы төленбеген Mercedes, 2,8 миллион теңге берешегі бар Lada және 3,9 миллион теңге айыппұлы бар Toyota көлігі бар. Барлық аталған көлік арнайы айыппұл тұрағына жеткізілді.
— Полиция барлық көлік иелерін, әсіресе шетелдік нөмірмен жүрген азаматтарды әкімшілік айыппұлдарды уақытылы төлеуге шақырады. Бұл міндеттемелерді елемеу жауапкершіліктен босатпайды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тәртіп бұзушыларды анықтау жұмыстары жалғаса береді, – деді Алматы қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.
Полиция өкілдері жазаның бұлтартпастығы қағидасын еске салып, жол қозғалысына қатысушыларды тәртіпке бағынуға, жол ережесін сақтауға және заңмен бекітілген міндеттемелерді дер кезінде орындауға шақырады.
Оқи отырыңыз: Біреуі - бала: Павлодар облысында жантүршігерлік жол апатынан 4 адам қаза тапты