Қызылордада бірнеше ірі компанияның мұнайшылары еңбек инспекциясының алдына жиналды
Елеусіз қалған еңбек. Қызылорда облысында мұнайшылар бейнетінің зейнетін көре алмай отыр. Себебі зиянды өндіріс орындарында жұмыс істейтін мамандардың міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы төленбеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін Қызылордада бірнеше ірі компанияның мұнайшылары еңбек инспекциясының алдына жиналды. Мақсат – еңбегіне қарай міндетті төлемдердің төленуін талап ету. Еңбек құқығы тапталған олардың сегіз жылға жуық зейнетақы жинағына міндетті 5 пайыздық өтемақысы аударылмай келген. Солардың бірі – 23 жылдан бері мұнай компаниясында еңбек ететін Әлішер Шадияұлы.
"2014 жылы кәсіптік зейнетақыны төлеу туралы бұйрық шыққан. Бірақ төленбеген, тек 2022 жылдан бері төленіп жатыр. Бірақ бәріне бірдей емес, кей жұмысшыға мүлдем төленбейді. 55 жаста зейнетке шығуға болады, біз кете алмаймыз", – деді мұнай компаниясының жұмысшысы Әлішер Нұрымбетов.
"2012 жылдан бері жүргізуші болып жұмыс істеймін. Мұнай саласында операторларды тасимыз. Жұмыстың ауырлығы мұнай мен газдың ортасында жүреміз. Талабымыз – 5 пайыз кәсіби зейнетақыны өндіріп, 55 жаста зейнетке шығу", – деді көлік жүргізушісі Асқар Якудаев.
Мұнайшылар осыған дейін де талай табалдырықты тоздырған. Алайда еш нәтиже болмаған. Заңгердің көмегіне жүгінуге мәжбүр.
"100 шақты адамның құқығын қорғап отырмыз. Бір мекеменің өзінде 54 адамға, ал екінші мекемеде 20 шақты, үшінші мекемеде 30 шақты адамның зейнетақысы төленбей отыр. Үкіметпен бекітілген, міндеттелген 15/62 бұйрығына сәйкес 2014 жылдан бері 5 пайыз төленуі керек. Адамдардың құқығы тапталып отыр", – деді заңгер Азамат Марат.
Мұнайшылардың мәселесіне қатысты еңбек инспекторларының уәжі бар. Заңдылығында мұндай зиянды жұмысқа төленетін міндетті зейнетақы жұмыс беруші өз қаражаты есебінен төлеуі тиіс.
"Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, зейнетақы қорына төлейтін төлемдер қадағалау реттеу, уақытылы төленуін есептеу кірістер органдарына берілген. Арнайы тізім бар. Сол тізімдегі мамандар зиянды жұмыс істейтіндер үшін жұмыс беруші өз қаражаты есебінен жұмыскердің зейнеткерлік қорына аударуы керек", – деді облыс бойынша Еңбек инспекциясы департаментінің бөлім басшысы Болат Досымов.
Бүгінде өзекті мәселе жауапты мекемелердің бақылауында.
Асқар Сәрсенұлы, Қуаныш Биғалиұлы, Қызылорда облысынан
Оқи отырыңыз: Алданып қалдық: Ақтауда еден жуушылар еңбекақысын ала алмай жүр