Қазақстан ғаламтор желісі арзан 10 мемлекеттің қатарында енді

21.11.2024 19:50

Елімізде 1 ГБ интернет-трафиктің орташа ақысы 0,59 АҚШ доллар

Қазақстан жылдам ғаламтор желісі арзан 10 мемлекеттің қатарында. Бұл туралы «MoneySuperMarket» баспасы дәйек келтірді,. Олардың айтуынша, елімізде 1 ГБ интернет-трафиктің орташа ақысы 0,59 АҚШ доллар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Түрлі халықаралық талдау агенттіктерінің дерегінше, еліміз бірнеше жыл бойы мобильді интернет бағасы арзан мемлекеттер қатарында келе жатыр. MoneySuperMarket сайтының рейтингінде Қазақстан 10-орынға жайғасты. Бірінші орында Израиль 1 ГБ интернет-трафик құны 0,13 доллар, одан кейін Қырғызстан, ал үздік үштікті Италия түйіндейді.  Жалпы алғанда, 20 ГБ интернет-трафик үшін қазақстандықтар 11 доллар төлейді. АҚШ-та – 105 доллар, Ал Норвегияда – 106 доллар. Сарапшылардың пікірінше, өмір сүру деңгейі және табыс көлемі жоғары елдерде кез келген қызмет құны сәйкесінше көтеріңкі болады.

"Бұған әсер ететін тағы бір аспект – инфрақұрылым. Құрылған инфрақұрылым қымбат болса, тұтынушылар қалтасына салмақ түсуі мүмкін. Байланыс шығындары халықтың орташа табысына байланысты есептеледі. Қай жағынан қарасақ та, Қазақстан басқа елдермен салыстырғанда интернет бағасы арзан ел болып саналады", – деді Цифрландыру саласындағы еуразиялық сарапшылар желісінің төрағасы Дмитрий Шедко.

Finprom.kz сайтының мәліметінше, жылдам ғаламтор құнының арзан болуына цифрлық инфрақұрылымға мемлекет тарапынан жасалып жатқан инвестициялар мен байланыс операторларының желіні кеңейту жөніндегі шараларының арқасында қол жетті. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің дерегінше, базалық станса құрылысына шамамен 500 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылған.

5G технологиясы ел экономикасына үлкен серпін береді деп күтілуде. Өйткені бұл желі тек интернет жылдамдығын арттыруға ғана емес, сонымен қатар цифрлық қызметтерді дамытуға, жаңа технологиялық сервистерді енгізуге сондай-ақ мемлекеттік цифрландыру бағдарламаларын қолдауға мүмкіндік береді. Елдегі жетекші ұялы байланыс операторлары 5G-ді дамыту және қолданыстағы желілерді жаңғырту бағытында белсенді жұмыс атқарып жатыр. Телекоммуникация операторының мәлімдеуінше, 2025 жылға қарай елде 7 мыңнан астам 5G базалық стансасын салу жоспарланған. Сонымен бірге жаңашылдық халықаралық транзиттік трафикті көбейтіп, Қазақстанды аймақтық телекоммуникациялық хаб ретінде нығайтуға ықпал етеді. Елдің цифрлық экономикасының бәсекеге қабілеттілігі артады.

Оқи отырыңыз: Алматыда балалардың бес шығармашылық орталығы салынады