Наталия Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында жаңарту жұмыстары басталды

Жөндеу жұмыстарына бюджеттен 22 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Наталья Сац атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрын жаңғырту жұмыстары басталды, деп хабарлайды Almaty.tv

1980 жылдары іргетасы қаланған мәдениет нысаны бүгінге дейін күрделі жөндеу көрмеген. Сонымен қатар қалпына келтіру жұмыстары аяқталған соң өнер ордасының аумағын кеңейту жоспарланған. Бүгінде мердігер компанияны анықтау үшін байқау жарияланды. Ал ескі ғимаратта шатыр мен қасбеттік плиталар жаңартылып, инженерлік коммуникациялар ауыстырылады. Оған қоса, өрт сөндіру жүйесі орнатылмақ.

"Ғимарат театр қызметкерлері үшін де, көрермендер үшін де өте қауіпті болып тұр. Тіпті қабырға сылақтары да құлап жатыр. Жаңбыр жауса, сахна, грим бөлмелері мен қоймаларға су кіреді. Өздеріңіз көріп тұрғандай, еденіміз де жарамсыз болып қалды", – деді Н.Сац атындағы МАБЖ театрының бас режиссері Ирина Симонова.

Сондай ақ театр жабдықтары, сахна және жарық беру жүйесі толығымен жаңартылып, барлық санаттағы көрермен үшін қолайлы жағдай жасалмақ. Сонымен қатар ғимараттың сейсмоқауіпсіздігін күшейтуге баса назар аударылған. Жөндеу жұмыстарына бюджеттен 22 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. Жоба 2026 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады деп жоспарланып отыр.

"Негізгі ғимараттың ауданы 14 мың шаршы метр. Сонымен қатар тағы жаңа ғимарат салу жоспарлануда. Оның ауданы 10 мың шаршы метр болады және онда 200 орындық камералық зал қарастырылған. Екі ғимараттың сыйымдылығын есептегенде, көрермендерге арналған 1000 орын болады. Сондай-ақ қосымша автотұрақ салу қарастырылып отыр", – деді  қалалық құрылыс басқармасының басшысы Алмас Шабдарбаев.

Оқи отырыңыз: Алматылық жасаған мұз айдыны тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналды

 

 

Новости партнеров