Наурыз жұмыскер: баспананы қандай мамандық иелері ала алады

28.02.2025 19:04

Елімізде 2030 жылға қарай кадрлық дағдарыс туындауы мүмкін

Елімізде 2030 жылға қарай кадрлық дағдарыс туындауы мүмкін. Өйткені қазір экономиканың барлық саласында білікті мамандардың тапшылығы байқалып отыр. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев елдегі кадрлық жағдайға алаңдаулы. Өйткені Қазақстандағы әр бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Сәйкесінше, білікті мамандар тапшылығы байқала бастапты.

 «Қазақстанға техникалық және кәсіптік білімі бар 900 мың маман аса қажет. Ал жоғары білімі бар мамандарға қажеттілік 430 мың адамды құрайды. Құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және транспорт секілді негізгі салаларда еңбек ресурстарына деген жоғары сұраныс қалыптасып отыр, – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығы 2030 жылға қарай елге 1 миллион 600 мың маман қажет болады деп болжаған. Ал Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және денсаулық сақтау салаларының мамандарына сұраныс артады деп отыр. Сондай-а, бүгінде бірқатар өңірден еңбекке қабілетті халықтың, оның ішінде жастардың кетуі стратегиялық маңызды сектор үшін басты мәселеге айналған.

 «Технологиялардың енуімен, автоматтандыру артқанына қарамастан жұмысшы кәсіптер әлі де еңбек нарығының негізі болып қала береді. Алдағы жылдары ондай мамандарға қажеттілік тек арта түседі. Алдағы 6 жылда жұмыс күшіне деген жиынтық сұраныс 1,6 миллион адамға бағаланып отыр. Олардың жартысынан көбі кәсіптік-техникалық білімі бар мамандар болса, оның 400 мыңға жуық таза жұмысшы мамандықтары, – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев.

Айтылған тақырыптардан бөлек, бүгінгі жиында баспана мәселесі де қозғалды. Мәселен жыл басында Премьер-министрдің бастамасымен жұмысшы мамандарды баспанамен қамту үшін «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы іске қосылған. Бүгін «Отбасы банк» төрайымы аталған ипотекалық бағдарламаға кімдердің қатыса алмайтынын тізіп шықты. Ләззат Ибрагимованың айтуынша, кеңсе менеджері, бухгалтер, PR-менеджер сияқты мамандар тізімде жоқ. 

«Бірінші кезекте тау-кен, қайта өңдеу, өнеркәсіп мамандығының жұмысшыларына басымдық беріледі. Сондай-ақ энергетика, көлік, ауыл шаруашылғы және су ресурстары мамандықтарына баса мән беріледі. Осыдан кейін өтінім берушінің шынымен жұмысшы мамандығының өкілі екенін анықтаймыз. Технолог, сынама алушы, жүргізуші деген сияқты кәсіп иелері болуы керек, – деді  «Отбасы банк» ақ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Жұмысшылар күткен «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы 17 наурыз күні басталады. Өтінімдер шынайы уақыт режимінде қабылданады. Банк филиалына кім бірінші келсе, пәтерді бірінші таңдап, ипотека рәсімдейді. Баспанаға берілетін қарыз мөлшері Астана, Алматы қалаларында 36 миллион теңгеге дейін болса, облыс орталықтарында 30 миллион теңге деп белгіленен.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астанадан

Оқи отырыңыз: Алматыда наурыздан бастап қандай кезекші ХҚКО жұмыс істейді