Ауа райының қолайсыздығына қарамастан көпшілік алаңға келіп көктемнің ең басты мерекесін атап өтті
Елорда жұрты да Ұлыстың ұлы күнін ерекше тойлап жатыр. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан көпшілік алаңға келіп көктемнің ең басты мерекесін атап өтті. Наурызнама онкүндігіне орай Астанада 200-ден астам мәдени-ойын-сауық бағдарламасы әзірленген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бас қаланың тұрғындары әз-Наурызды сән-салтанатымен тойлап жатыр. Шаһардағы алаңдардың бірінде халықтың қарасы қалың. Мұнда ата-бабамыздың қасиетті қара шаңырағына айналған киіз үйлер тігіліп, қала тұрғындары мен қонақтарына наурыз көже мен ыстық бауырсақ ұсынылды. Эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт өтіп жатыр. Елордадағы бүгінгі ауа райы тұрғындардың көңіл-күйіне кедергі бола алмайды.
«Ауа райының қолайсыздығына қарамастан көңіл-күйіміз өте керемет. Әдемі!» – деді қала тұрғыны Әсет Сүлеймен
«Алматыдан келдім. Наурыз мейрамы жақсы өтіп жатыр. Көже дәмді болған, ұнады», – деді қала қонағы Айару Мәулетхан.
Мерекелік іс-шараға келген жұртшылық ән айтып, би билеп қана қоймай, ұлттық тағамнан дәм татып, алаңда тігілген 8 киіз үйде қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады. Ол жерде саусағынан бал тамған 30-ға жуық шебер қыз-келіншектерге бұйым жасаудың технологиясын түсіндіреді.
«Қолөнер бұйымдарымызды, қазақи нақыштағы киімдерді алып келдік», – деді қолөнер шебері Ардақ Бақыт.
Алаңда ұлттық ойындар ойнатылды. Бозбалалар мен бойжеткендер алтыбақан теуіп, тұрғындар асық атып, арқан тартысып, қол күрестіріп, гір тасын көтеріп, тоғызқұмалақтан сайысқа түсті. Жеңімпаздарға сыйлықтар үлестірілді.
«Бұл жерде концерттік бағдарламалар, ұлттық спорттық ойындарынан жарыстар өтеді. Және де ұлттық қолөнер шеберлерінің көрмесі өткізіледі. Ертең 22 наурызда орталық алаңда қазақ күресінен жарыс өтеді. Соған барша ер азаматтарды шақырамыз», – деді Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы Алтынай Зарлыққызы.
Астананың 20-дан астам алаңында Наурыз тойы тойланып жатыр. Іс-шара ертең де жалғасады. Жалпы Наурызнаманың онкүндігінде бас қалада 200-ден астам ауқымды іс-шара өткізу жоспарланған.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Дастан Темірбекұлы, Астана
Оқи отырыңыз: Әз-Наурыз: Алматыда коммуналдық қызметкерлер марапатталды