Былтыр Қазақстанда 123 мың жұп отау құрған
Былтыр Қазақстанда 123 мың жұп отау құрған. Бұл – Ұлттық статистика бюросының дерегі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көрсеткіштің көш басында Алматы мен Астана қаласы тұр. Жаңа өмірге қадам басып, батыл шешімдер жасауға ұмтылған жас жұбайлардың дені некесін шілде айында қиған. Ал биыл Наурызнама онкүндігінің аясында Алматыда маңызды құжатқа қол қоюға асыққандар көбейген. Мәселен Медеу ауданында 11 жұп шаңырақ көтерді.
Алматылық жұп Ринат пен Замираның танысып, араласа бастағанына биыл 5 жылдың жүзі болған. Мінездері жарасып, ойлаған арманы мен мақсаты бір жерде түйіскен жастар Наурыз мейрамының қарсаңында некелесуге бел байлыпты. Олар ешкімді әурелемей, өздері ғана мекемеге келіп, маңызды құжатқа қол қойып қайтты.
«Шаңырақ күні екенін білмедік. Келіп, қол қойып, отбасы құруды көптен ойлап жүрміз. Бақытты өмір сүреміз деп сенеміз!» – деді қала тұрғыны Ринат Байсапаров.
Атап өтерлігі «Шаңырақ көтеру» рәсімі – қазақтың ежелден келе жатқан салт-дәстүрінің бірі. Себебі Шаңырақ – тұрақтылық пен тұтастықтың символы. Бірлік пен берекенің белгісі. Дана, ғұрыпқа берік қазақ халқы наурыз айын отау құруға ең қолайлы уақыттың бірі санаған.
«Қазақ шаңырақты жерге тастамайды, жоғары орынға қояды. Шаңыраққа от, күл , қасиетсіз жамандықтың белгісі. Көшсе де оны нар түйенің өркешінің үстіне қойған», – деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Ахмет Тоқтабай.
Елімізде Наурызнама онкүндігінің аясында Мәдениет және салт-дәстүр күні атап өтіліп жатыр. Жер-жерде мәдени-рухани іс-шаралар өткізіліп, бай мұрамыз көпшілік назарына қойылым, түрлі фестиваль және көрме ұйымдастырылуда. Орталық музейде оқушылар мен жас ұландардың қатысумен «тұсаукесу» рәсімі өткізіліп, жөн-жоралғысы айтылып, мән-мағынасы түсіндірілді.
«Тұсаукесер әр жерге байланысты өзгешелігі болмаса, оның мағынасы біреу. Балаға алғашқы қадамына мән беру, балаға жақсы тілек айту. Баланың тұсауын көп жерде қайшымен арт жағынан келіп кеседі, бірақ дұрыс емес, пышақпен алдынан кесу керек, – деді ҚР Мемлекеттік орталық музейінің қор сақтаушысы Нұршат Нұрмұхамбетқызы.
«Қазақ халқының мұрасын, салт-дәстүрді шетелде насихаттау. Сондықтан да музейге келушілердің қатары көп болғандықтан, салт-дәстүрді көрсін деген мақсатта игі шаралар өте жиі көп өтіп тұрады, – деді ҚР Мемлекеттік орталық музейінің бас қор сақтаушысы үміт Әшімова
Әуезді әнге, көңілді шығармаларға толы бағдарлама ұлттық киімді ұлықтағандардың сән көрсетіліміне ұласып, 20-ға жуық маман өнер көрсетті.
Рүстем Айткәрім, Ялкунжан Әшімжанов, Рашиддин Якупов
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 17 616 бала шала туған