Қайғылы оқиға түнде болған
Қостанай облысы Жітіқара кентінде бір үйдің бес баласы өрттен көз жұмды. Қызыл жалын басталғанда кәмелет жасына толмаған алты бала баспанада ата-анасының қарауынсыз отырған, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Төтеншеліктер оқиға орнына 7 минутта жеткенімен, үй толық отқа оранып, шатыры ортасына опырылып түскен. Тілсіз жау бір жарым сағатта сөндіріліпті.
Үйінді астынан 5 баланың мәйіті табылған. Тек 2011 жылы туған жасөспірім ғана аман қалыпты.
Алдын ала мәліметке сенсек, балалардың әкесі түрмеде, ал анасы кешкісін танысына кетіпті. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан қара жамылған отбасына материалдық көмек көрсетіліп жатыр.
«Қазір оқиғаның себептері анықталуда. Өрт-техникалық зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Апаттар медицинасы орталығы филиалының психологтары туыстарына қажетті психологиялық көмек көрсетуде. ТЖМ кәмелетке толмаған балаларды жалғыз қалдырмауды сұрайды», - деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Өміржан Тұқышев.
Облыстық прокуратура бұл істі ерекше бақылауға алды. Олар сотқа дейінгі тергеу басталғанын, өрттің алдын ала себебі – үйдегі пештің қараусыз қалғанын мәлімдеді.
Оқи отырыңыз: Талғар маңында түнгі уақытта атыс болды