Қараусыз қалған білім ордасы: Белбұлақ ауылындағы оқушылар ескі "емханада" оқуға мәжбүр

03.10.2024 21:00

Алматы облысындағы Белбұлақ ауылында №10 мектептің құрылысына 557 миллион теңге аударылған

Оқушылар ескі "емханада" білім алып жүр. Алматы облысындағы Белбұлақ ауылында №10 мектептің құрылысы тұралап тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мектеп өткен ғасырда бой көтеріп, күрделі жөндеуге былтыр көктемде берілген. Ата-аналар «60 жылдан бері бірінші рет жөндеу жұмысы жүргізілген білім ордасы ашылмауы мүмкін» деп алаңдайды. Себебі 3 рет мерзімінен кешіккен мердігер жазда мүлдем жоғалып, ғимарат қараусыз қалған.

"Мектептің маңында тұрамын. Бір күзетшінің мәшинесі тұрады, жұмыс жасап жатқан елді көрген жоқпыз. Мердігер компания жөнін айтпайды. Баламыз, немереміздің болашағы үшін алаңдаймыз", – деді Белбұлақ ауылының тұрғыны Жақсылық Ержанова.

Белбұлақ ауылдық округінің 536 оқушы бұрын амбулатория болған ескі, тар ғимаратта оқып жүр.

"Балалар оқып жатқан ғимаратта ешқандай жағдай жоқ. Дәретхана сыртта алыс орналасқан. Балалар неге ондай мектепте оқуы керек? Неге ата-ана әр балаға 20 мың теңге төлеп, көрші мектепке апаруы керек?" – деді Белбұлақ ауылының тұрғыны Гүлнар Ахметова.

Қосалқы мердігер компания өкілдері «мәселенің бәрі шоттардың бұғатталып қалуынан басталды» деп ақталды. Олардың айтуынша, зардап шегіп, тиісті қаражатқа қол жеткізе алмай әлек. Алайда тілшілер келгенде «қарызға батқан» компанияға құрылыс заттары жеткізілді.

"Үшінші ай қатарынан бір тиын көрмедік. Құрылыс саймандарын қарызға алып, жұмысшыларға жалақы беруге жарамай отырмыз. Мәселе бас мердігердің шоттары бұғатталған соң, шиеленісті. Ұят болды. Әкімдік те мәселені шешу үшін үшінші бір банктен шот ашып, қаржыны аударуы керек. Бірақ ешқандай өзгеріс жоқ", – деді қосалқы мердігер компанияның өкілі Ильяс Наврузов.

Құрылыс басталғалы мердігер компанияға 557 миллион теңге аударылған. Қазір жұмыстың шамамен 60 пайызы жасалған көрінеді. Бірақ аудандық білім бөлімі мен құрылыс компаниясы арасында мектепке қатысты шиеленістер көбейіп, ақыр соңы сотпен аяқталды.

"Мердігер міндеттерін дұрыс орындамағандықтан, сотқа талап-арыз түсіргенбіз. Сот талаптарымызды қанағаттандырып, 16 миллион теңге мерзімінен кешіктіргені үшін айыппұл төленді. 10 күн бұрын компания «2 қазанда жұмысты қолға алып, жұмысшы санын көбейтіп, 25 қазанда құрлысты аяқтаймыз» деп уәде берген. Білім бөлімі тарапынан, келісімшартты бұзу жұмыстары жүргізіледі", – деді Талғар ауданы білім бөлімінің сектор меңгерушісі Рүстембек Мыңбаев.

Талғар аудандық білім бөілімінің мәліметінше, мердігермен келісімді бұзып, жаңа компанияны тағайындауға 3-4 ай кетеді. Мамандардың айтуынша, мектеп көктемде ашылуы мүмкін.

Ал тұрғындар оқушыларды тасымалдайтын автобуспен қамтып, ескі ғимаратты жөндеуін сұрап отыр.

Әйкерім Пернебек, Сағынғали Мұңайтпасов, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Желге ұшқан ақша: 2010 жылы пайдалануға берілген мектеп апатты деп танылды