«Отбасы банк» ұлттық даму институты болып құрылуы мүмкін
Елдегі тұрғын үй саясатын реформалау заңы қайта пысықталады. Бүгін маңызды құжатты сенаторлар Мәжіліске қайтарды. Әлі де түзетулер енгізу керек деген бастама негізінде бірқатар өзгеріс жасалмақ. Ол бойынша «Отбасы банк» ұлттық даму институты болып құрылуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тұрғын үй қатынастары саласындағы заңнаманың жетілдіріліп жатқанына біраз болды. Көп күткен маңызды құжатқа осыған дейін 4 түзету енгізілген. Алайда бас комитет мақұлдамаған тұстары жетерлік екен. Сенатор Ләззат Рысбекованың сөзіне сенсек, заңда бірқатар жаңашылдық қарастырылған. Олардың қатарында мұқтаждарға коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжай беру, жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау мен шаңырақ алғысы келетін қазақстандықтарға қосымша жеңілдіктер қарастыру бар.
«Азаматтар сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіру құқығына ие болады. Бұдан бөлек, тұрғын үйге мұқтаж жандардың кезегін құру және жүргізу, сондай-ақ оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету тәртібін жетілдіру де қарастырылған», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Рысбекова.
Осылайша, алдағы уақытта жалға берілген үйлерді жекешелендіруге рұқсат етілмек. Қос палата өкілдері бұл мәселені қарастырып жатқан көрінеді. Аталған заң қабылданса, қазіргі «Отбасы банк» ұлттық даму институтына айналады. Ұйым келер жылы исламдық ипотеканы енгізбекші.
«Қазір 2 ислам-ипотека жасаған банктер бар. Бізге көп сұрақ салымшылардан келеді. Олар «осындай өнім жасап беріңіз» деп жатады. Қазіргі заң бойынша тағы да қарастырып, 2025 жылы жоспар бойынша жасап береміз», - деді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Заң күшіне енсе, кезекке мұқтаж азаматтар мен қандастарға мемлекеттік көмек көрсетіледі. Олардың табыс көлемі мен есепке тұрған мерзімі ескерілмеуі мүмкін. Мұнымен қоса, үйсіз-күйсіз жүргендердің тіркелген мерзіміне қарай баспаналы болуына жеңілдік жасалмақ. Алайда заң жобасын сенаторлар әлі де шикі деп тапты. Құжат қайта Мәжілістің қарауына жіберілді.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Almaty TV, Астана
Оқи отырыңыз: Жаһандық проблемаларға төтеп беретін шараны бірлесе іздегеніміз жөн – Президент